“Төтенше қауіпсіздік мекемелерін қайта бейіндеу және сотталғандарды көшіру туралы” брифингте ҰҚК экс-басшысы Кәрім Мәсімов және оның бұрынғы орынбасарларына түрмеде ұстау режимі жеңілдетілетіні белгілі болды, деп хабарлайды Kazaknews.kz Ақпараттық агенттігі.
«20 мамырда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы адам құқықтары, жазаны орындау, сондай-ақ азаптау мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас түрлерінің алдын алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы қолданысқа енгізілді», – дейді ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің арнайы есепке алу бөлімінің бастығы Қайрат Асыл.
Заңда сотталғандарды жазасын өтеу орындарына бөлудің түбегейлі жаңа критерийлері көрсетілген. Онда алғаш рет сотталғандар, жазасын орташа қауіпсіздік мекемелерінде өтейтіні туралы жазылған.
Айта кетейік, Ұлттық қауіпсіздік қызметінің экс-басшысы Кәрім Мәсімов және оның бұрынғы орынбасарлары осы категорияға жатады.
Ең жоғары қауіпсіздік деңгейіндегі түрмеге бұрын жазасын өтеп, алайда қайта сотталғандар отырғызылады. Егер, осы категорияға жататын сотталушылар, жазасын қазіргі таңда орташа қауіпсіздіктегі түрмеде өтеп жатқан болса, жоғары қауіпсіздікке ауыстырылмайды. Себебін Қайрат Асыл, мұндай жағдайларда қылмыстық заң сотталған адамдардың құқықтық жағдайының нашарлауына жол бермеуіне байланысты деп түсіндірді.
Бөлім бастығының айтуынша қауіпсіздік деңгейі төтенше мекемелердің статусы қауіпсіздігі максималды жоғары деңгейге ауыстырылады. Тек қана, Жітіқарадағы өмір бойы бас бостандығынан айрылғандар отыратын түрме бұл статусқа ауыстырылмайды.
Бұдан бөлек брифингте бұл процестің уақыт алатыны айтылды. Бөлім бастығы Қайрат Асыл қойылған міндеттер жыл соңына дейін аяқталатыны жеткізді.
Айта кетейік, 24 сәуір күні Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты К. Мәсімов (ҚР ҰҚК бұрынғы төрағасы), А. Садықұлов, Д. Ерғожинға (ҚР ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасарлары) байланысты “мемлекеттік опасыздық”, “билікті күшпен басып алу” және “билікті асыра қолдану” баптары бойынша кінәлі деп танып, соттаған болатын.