30 наурыз бен 5 сәуір аралығында Нұр-Сұлтанда қоғамдық көлік толық тоқтайды. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов хабарлады.
Көлгіновтың айтуынша, қаладағы N1 автобус паркі жұмысшыларының бірі коронавирус жұққан адаммен байланыста болғандықтан автобус паркі карантинге жабылған.
“Тұрғындар мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін автопаркті жаптық. Аумақ пен автобустарды дезинфекциядан өткіздік. Қатаң шара қолданбай инфекцияның таралуын тоқтата алмаймыз. Сондықтан 30 наурыз бен 5 сәуір аралығында қоғамдық көліктер тоқтайды. Автобус парк жұмысшыларын толық тексереміз” деді әкім.
Ол сонымен бірге инфекциямен күресуге тікелей үлес қосып жатқан қызметкерлер мен жұмысшыларды көлікпен қамтамасыз ететінін айтты.
Нұр-Сұлтан мен Алматы 19 наурыздан бастап карантинге көшкен. Екі қала толық жабылған. Қалаға қатынайтын пойыздар, ішкі рейстер тоқтаған.
26 наурыз кешкісін Нұр-Сұлтанда 64 жастағы бір әйел адам Covid-19 дертінен қайтыс болды. Оның коронавирус жұқтырғаны қайтыс болған соң анықталған. Елде барлығы төрт науқас: Алматыда – үш, Нұр-Сұлтанда бір адам дерттен айықты. Олардың бірі – 12 жасар қыз бала.