Гүлшара Әбдіхалықова Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды

0
149
Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықова.

Қазақстан президентінің жарлығымен Гүлшара Әбдіхалықова  Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалды. Бұл туралы 28 наурызда Ақорда сайты хабарлады.

Гүлшара Әбдіхалықова 1965 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданында туған. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын “экономист” мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде түрлі қызмет атқарған.

2009 жылдың наурыз айы мен 2012 жылдың қыркүйек айы аралығында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болды. 2013-2014 жылдары вице-премьер қызметін атқарды. 2014-2019 жылы президент жарлығымен мемлекеттік хатшы болып тағайындалды.

2019 жылы ақпан-тамыз аралығында вице-премьер қызметіне қайта оралды. 2019 жылдың тамыз айынан бері – парламент мәжілісінің депутаты, қыркүйек айында мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі палата комитетінің төрайымы болып сайланған.

Бұған дейін Қызылорда облысының әкімі болып келген Қуанышбек Ысқақов 28 наурызда президент жарлығымен Қызылорда облысының әкімі қызметінен босатылды. Бір күн бұрын әлеуметтік желіде Қуанышбек Ысқақов пен көмекшісі, тағы екі кәсіпкердің “Алаяқтық” бабымен ұсталғаны туралы хабар тараған. Бірақ бұл ақпаратқа байланысты ресми орындар түсініктеме бермеді. Жемқорлықпен күрес қызметі де әзірге жауап бермеген.

Қуанышбек Ысқақов 2019 жылы маусым айында Қызылорда облысының әкімі лауазымына тағайындалған. Оған дейін үш жарым жылдан астам сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың орынбасары болып, экономика, қаржы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласын басқарған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз