Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында жағдайы төмен отбасыларды баспанамен қамтуға бағытталған жаңа бағдарламаны әзірлеп шығарды.
Статистикасына сүйенсек, осы жылдың қаңтарынан бастап маусым айына дейінгі аралықта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде депозит ашқандардың 62%-ы әйелдер болса, ал 38%-ы ер адамдарға тиесілі.
Қазіргі кезде табыстың аздығы мен әлеуметтік жағдайдың төмендігі талай отбасыны пәтер жағалатып, біреудің баспанасын жалдауға мәжбүрлеп отырғаны белгілі.
Осы мәселені ескере отырып, биылдан бастап Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі баспанаға мұқтаж, жергілікті атқарушы органда тұрғын үй алуға кезекте тұрған көп балалы, толық емес отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға 2% мөлшерлемемен несие беруді жоспарлап отыр.
Енді кезекте тұрған көп балалы жандарды қуанышқа бөлейтін бағдарламаның шарттарына сәйкес, отбасы мүшелерінің меншік құқығында тұрғын үй тіркелмеген төрт немесе одан да көп баласы бар, сондай-ақ толық емес және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар осы бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алып, болашақ баспаналарына қол жеткізе алады.
Биылдың өзінде банк 6 мыңға жуық отбасын баспанамен қамтамасыз етуді басты мақсаттардың қатарына қойып отыр.