Кәсіби фототілшілер тәжірибесімен бөлісті

0
223

Ақмола облысы Зеренді кентінде ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырған “ZEREN.photo-fest” атты фототілшілер байқауы өткізілді. Бұдан бөлек кәсіби фототілшілер Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттеріне өз тәжірибесімен бөлісті.

Іс-шараға президент әкімшілігінің, премьер-министрдің, қорғаныс министрлігі, “Жас Отан” жастар қанаты, “Егемен Қазақстан”, “Астана ақшамы” газеттері мен “Kazinform.kz”, “National Geographic” журналы, “Tengrinews”,  “Kazaknews.kz” ақпараттық сайттарының фототілшілері, сондай-ақ, дизайн және журналистика мамандығының студенттері қатысты.

Байқау барысында фототілшілер екі күн бойы студенттерге түрлі жанрда суретке түсіру  техникасын үйретіп, шеберлік шыңдау дәрістерін өткізді және кәсіби тәжірибеге баулыды.

Kazaknews.kz сайтының фототілшісі Доған Йылдыз 
Tengrinews сайтының фототілшісі Тұрар Қазанғапов

Олардың ішінде премьер-министрдің фототілшісі Шүкір Шахай, премьер-минстрдің ресми сайтының фототілшісі Нариман Мырзабаев, «Егемен Қазақстан» газетінің фототілшісі Орынбай Балмұрат, Каzaknews.kz фототілшісі Доған Йылдыз, Tengrinews ақпараттық сайтының фототілшісі Қазанғапов Тұрар және тағы басқа суретке түсірудің хас шеберлерінің дәрісі студенттер үшін тәлімі мол фестиваль болды.

  • Айта кететін жайт, төрт кезеңнен тұрған фотобайқаудың бірінші кезеңінде конкурсқа қатысушылар «ЕҰУ-25» тақырыбында үй тапсырмасын орындады. Бұл тақырыптық суреттерде университеттің ғылым, оқу, халықаралық байланыс, тәрбие және тағы басқа салалардағы жетістіктері, сондай-ақ университет тарихындағы тұлғалар, танымал ғалымдар, әртүрлі сайыстарда жеңіске жеткен білім алушылар көрініс тапты. Орындалған жұмыстардан Зеренді демалыс аймағында арнайы көрме жасалып, ол қазылар алқасы тарапынан бағаланды.
  • Екінші «Фотопортрет» кезеңінде кәсіби маман студенттерге фотопортрет түсірудің қыр-сырын үйретті. Әсіресе, адамның жан дүниесін, мінез-құлқын, көңіл-күйін, тағы басқа сыртқы бет-әлпетімен, кескін-келбетімен үйлестіре отырып көрсетудің тәсілдерін үйрету арқылы байқауға қатысушылардың шеберліктері бағаланды.
  • Үшінші және төртінші кезеңде «Пейзаж» және «Фоторепортаж» жанры бойынша Зеренді демалыс аймағынан фоторепортаждар түсіріліп, ұсынылған суреттер жанрдың сапасы мен мазмұны, жанрлық ерекшеліктеріне қарай бағаланды.

Нәтижесінде байқау жеңімпаздары «Үздік фототілші», «Үздік фотоэтюд», «Үздік фотопортрет», «Үздік фоторепортаж», «Үздік фотопейзаж», «Үздік фотоочерк» номинациялары бойынша марапатталды.

Фотобайқаудың мақсаты – кәсіби фототілшілер мен студенттердің шығармашылық байланысын нығайтып, кәсіби мамандар арасында тәжірибе алмасу. Сондай-ақ фотожурналистикаға бейімі бар студенттерге фотопортрет, пейзаж, фоторепортаж, фотоочерк және тағы басқа түсірудің тәсілдерін үйрету, шеберліктерін арттыру болды.

Үздік фотоочерк:

  1. Доған Йылдыз – Каzaknews.kz фототілшісі;
  2. Сұлтан Сейіт – “Tengrinews” ақпараттық сайтының фототілшісі.

“Үздік фотопортрет” жүлдесі иегерлері:

  1. Ерлан Омаров – “Егемен Қазақстан” газетінің фототілшісі Ерлан Омаров;
  2. Ғани Өмірбеков – ҚР Президентінің фототілшісі;
  3. Ербол Ерденбек– ЕҰУ фототілішісі.

Үздік фотопейзаж:

  1. Ерболат Шадрахов– «National Geographic» қоғамының фототілшісі;
  2. Мұхтар Холдорбеков– «Kazinform.kz» фототілшілері;
  3. Мейірбек Тажкуранов–«Жас Отан» жастар қанатының фототілшісі.

Үздік фотоэтюд:

  1. Советбек Мағзұм – «Арқа ажары» газетінің фототілшісі, еңбек ардагері;
  2. Бауыржан Жуасбаев – «Kazinform.kz» фототілшісі.

Үздік фоторепортаж:

  1. Тұрар Қазанғапов– «Tengrinews» ақпараттық сайтының фототілшісі
  2. Аман Дүйсенбаев – ҚР Президентінің фототілшісі;
  3. Нариман Мырзабаев– ҚР Премьер-минстрі ресми сайтының фототілшісі.

«Үздікфототілші» жүлдесі барлық жанр бойынша шеберлік танытқан фотожурналистерге берілді. Олар:

  1. Шүкір Шахай – ҚР Премьер-министрінің фототілшісі;
  2. Орынбай Балмұрат –«Егемен Қазақстан» газетінің фототілшісі, еңбек ардагері.
Солдан оңға қарай: “Егемен Қазақстан” газетінің фототілшісі, еңбек ардагері Орынбай Балмұрат, премьер-министрдің фототілшісі Шүкір Шахай, “National Geographic” қоғамының фототілшісі Ерболат Шадрахов

Журналистика және саясаттану факультеті мен жастар департаменті жоғары деңгейде ұйымдастырған фото-фестиваль соңы естелік суретке түсумен аяқталды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз