Кейбір көлік жүргізушілері айыппұлды 50% жеңілдікпен төлеу құқығынан айырылады

0
197

5-тен көп жол ережесін бұзған жүргізуші айыппұлды 50% жеңілдікпен төлеу құқығынан айырылады, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бір жылдың ішінде 5-тен көп әкімшілік құқық бұзушылық жасаған жүргізушіні айыппұлды 50 пайыз жеңілдікпен төлеу құқығынан айыру қарастырылып жатыр. Бұл туралы ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев мәлімдеді.

“Осы жылдың 11 шілдесінде мемлекет басшысы әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы заңға қол қойды. Заң осы жылдың 9 қыркүйегінде күшіне енеді. Түзетулермен көлік құралын мемлекеттік нөмірсіз қайта басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктің жаңа құрамы енгізілді. Онда 20 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде өндіріп алу немесе көлік құралдарын басқару құқығынан 1 жыл мерзімге айыру көзделген. Бұрын мұндай норма болмаған”, – деді Жандос Мұратәлиев ІІМ баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.

Оның атап өтуінше, мұнан бөлек көрінеу жалған немесе жалған мемлекеттік нөмірлері бар көлік құралын басқару үшін жауапкершілік күшейтілген. Айыппұл түріндегі жаза алынып тасталды. Енді аталған құқық бұзушылық үшін тек 1 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру және 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қолданылады. Бұған дейін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 1 жыл мерзімге басқару құқығынан айыру қарастырылған болатын.

“Сонымен қатар, қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі қала сыртындағы трассаларда орташа жылдамдықты арттырғаны үшін көлік құралдарының жүргізушілерін жауапкершілікке тарту мүмкіндігін көздейтін түзетулерді пысықтауда. Күнтізбелік жыл ішінде 5 әкімшілік құқық бұзушылықтан жоғары жасаған тұлғаларға 50 пайыз жеңілдікпен айыппұлды төлеу мүмкіндігін болдырмау көзделуде”, – деді Жандос Мұратәлиев.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз