Үкіметтік емес ұйымдардың саны бүгінде 22 мыңға жеткен. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан “VIII Азаматтық форум” аясында Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев мәлімдеді.
Үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру жұмыстары 14 бағыт бойынша жүргізілуде.
Дархан Кәлетаев: Қазіргі таңда азаматтық қоғамды дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған ұлттық жоспары жүзеге асырылып жатыр. Осының арқасында ҮЕҰ-ның сапалы түрдегі өсімінің кезеңі басталып кетті. 2003 жылдан бері Қазақстанда ҮЕҰ-ның саны 5 мың болса, қазірге дейін 22 мыңға жетті. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша қаржыландыру көлемі 2018 жылы 22 млрд теңгеге жетті. Бүгінгі таңда ҮЕҰ-ларды қаржыландыру жұмыстары 14 бағыт бойынша жүргізіліп жатыр. Соның ішінде осы қаржыландырудың үштен бір бөлігі әлеуметтік жобаларға жұмсалса, одан кейінгісі білім, жастар саясатын қолдауға, азаматтық қоғамды дамытуға, азаматтардың құқығын қорғауға бөлінуде.
Қоғамдық даму министрінің айтуынша, жалпы ҮЕҰ секторы инстутционалдық тұрғыда қалыптасып қойған.
Министр «Біздің осы форум алдында өңірлерге жасаған сапарларымыз үкіметтік емес ұйымдарды еліміздегі процестерге көбірек қатыстыру керектігін көрсетіп отыр. ҮЕҰ қазіргі таңда тек гранттарды алатын ғана ұйым емес, үлкен процестердің қатысушысына айналды. Қазіргі таңда қоғамдық кеңестердің саны 229-ға жетсе, олардың құрамында 4 мыңға тарта адам жұмыс істеуде. 20 орталық мемлекеттік органда және 313 жергілікті атқарушы органда ҮЕҰ-лармен жұмыс істеуге уәкілетті институттар енгізілді», – дейді.