22 қазан күні президент Тоқаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысы онлайн өтті.
ЖОО-лар жекеменшікке сатылмайды
Президент Тоқаев халық арасында таралған “жоғары оқу орындарының жекеменшікке сатылуы мүмкін” деген күдікті сейілтіп, ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындарының сатылмайтынын айтты.
“Ірі мемлекеттік жоғары оқу орындары кейіннен жекеменшікке сатылуы мүмкін деген күдік бар. Осыған орай ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындары сатылмайтыны жөнінде мәлімдеймін”, – деді Тоқаев.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы тойланбайды
Тоқаев келесі жылы Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл толатынына қарамастан тойлаудан бас тартуды ұсынды.
“Келесі жылы тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Қазір осы мерейтойды сан алуан салтанатты жиындармен атап өтетін уақыт емес. Бұл дата саяси және экономикалық реформалар, цифрландыру, адам құқықтарын қорғау, білім мен денсаулық саласын дамыту, экологияны қорғау сияқты шаралармен есте қалуы керек. Сондықтан біз қысқа уақыттың ішінде нақты нәтижеге жетуіміз керек”, – деді президент.
Билік басына әйел адамдардың келуі туралы
Қазіргі таңда мемлекеттік мекемелерде жұмыс жасайтын әйелдердің үлесі артуына жағдай жасалып жатыр. Президенттің айтуынша, сарапшылар Қазақстан мемлекеттік басқару жүйесіндегі әйелдердің үлесі бойынша посткеңестік елдер арасында алғашқы орындағы мемлекеттердің бірі деп санайды және “әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен елді билейді”- деп толықтырды. Сонымен қатар, биыл еліміздің тарихында тұңғыш рет облыс басшысы әйел болғанын айтылды.
“Партиялардың сайлауалды тізіміне әйелдер мен жастар үшін 30%-дық квота енгізу қажеттігі заңды тұрғыдан рәсімделді. Біз әйелдерге қолдау көрсетіп, олардың мемлекетті басқару ісіне барынша белсенді атсалысуын жүйелі түрде іске асырып келеміз. Статистикаға сәйкес, барлық мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің 55%-дан астамы – әйелдер, сондай-ақ, парламент пен мәслихат депутаттарының 22%-ы, судьялар корпусының 47%-ы әйелдердің еншісінде”, – деді Тоқаев.
Ел тарихында алғаш рет әкімдер сайлауы өтеді
Президенттің айтуынша Қазақстандағы бастау алып жатқан реформаның маңызды бөлігінің бірі әкімдер сайлауын өткізу. Бұл саяси жаңғыруға әсер етеді. Ел тарихында алғаш рет әкімдер сайлауы өтеді. Биыл барлық ауыл округінде төртінші деңгейдегі бюджет енгізілген. Ауыл әкімдерінің аппаратында жұмыс істейтін 3,5 мыңнан астам қызметкер арнайы дайындықтан өткен.
“Осы шаралардың бәрі жергілікті жердегі басқару жүйесін жаңа деңгейге көтеріп отыр. Меніңше, сайлау жүйесін ары қарай дамыту қажет. Бірақ асыра сілтеу болмасын, науқаншылыққа жол бермеу керек. Қазақстанның саяси трансформациясы бұл бір сәттік, ал, ең бастысы, популистік акция емес. Бұл реформаның стратегиялық маңызы бар. Себебі Қазақстанды демократиялық әрі өркенитті мемлекет ретінде дамуға бағытталған”, – деп атап көрсетті Тоқаев.