8 сәуірде ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы Халықаралық Түркі академиясымен бірлесіп, «Мұстафа Шоқай мұрасы отандық және шетел ғалымдарының зерттеулерінде» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Жиын көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш арысы, Түркістан автономиясының жетекшісі Мұстафа Шоқайдың қайраткерлік өміріне, саяси-қоғамдық қызметіне арналды. Қазақтың Ресей патшалығы құрсауынан босаған шақтағы өз жолын іздеу үдерісіне атсалысқан тұлғалар, соның ішінде ерекше орны бар күрескерлердің бірі Мұстафа Шоқайдың тарихи тұлғасы, тұтас Түркістан туралы идеясы ғылыми-тәжірибелік конференцияда кеңінен талқыланды.
Іс-шараны Халықаралық Түркі академиясының президенті, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дархан Қыдырәлі ашты.
«Мұстафа Шоқай – шын мәнінде ұлы тұлға. Алаш арыстарынан айырмашылығы, ол Орталық Азиядан алғашқылардың бірі болып миграцияға барып, Кавказда, Бакуде, Грузияда, Түркияда, Германияда, Францияда және артынша Европада барлық мемлекеттерді шарлай жүріп, жиындарға қатысқан. Артынан мол мұра қалдырған тұлға. Мұстафа Шоқай мұрасы қазір Қазақстанда қолға алынып отырған саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның жұмысына үлкен көмек болады деп үміттенеміз. Себебі, Мұстафа Шоқай сол дәуірдің куәгері, ал өзге куәгерлердің көбісінің өкінішке қарай жазуға мүмкіндіктері болған жоқ. Әсіресе, ерте қалған Алаш қайраткерлері, себебі олардың жазу – сызуы шектелді. Ал, Мұстафа Шоқай нақты деректермен қарулана отырып, большевиктік билікті аяусыз сынады. Және оның деректері өте дәл, нақты құжаттармен, айғақтармен жазылғандықтанда большевиктік билікке өте ауыр тиді. Мұстафа Шоқай еңбектеріндегі зерттеулер өзінің кезінен басталды. Өзі сол замандастарының шығарған еңбектеріне қолғабыс жасай отырып, ғылыми еңбектер жазды. Қазір «Архив-2025» бағдарламасы бойынша біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Шоқайдың мұраларының көпшілігі елге жеткізілді. Оның Польшадағы мұрағаттағы құжаттары немесе Франциядағы хаттары көп томдық болып шықты. Түркиядағы, Грузиядағы еңбектерінің көпшілігі топтастырылды».
Өз кезегінде тарих ғылымдарының докторы Көкебаева Гүлжауһар Кәкенқызы Германия мен Польша елдерінен жинаған материалдары мен өзі топтастырған хаттары туралы айтып өтті.
Сонымен қатар, конференцияға Мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Қамзабекұлы Дихан, тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлжаухар Кокебаева, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Айдос Сарым, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов, Мичиган мемлекеттік университетінен Кожаоғлы Тимур (АҚШ), зерттеуші-ғалым, жазушы Андижан Ахат (Түркия), тарих ғылымдарының докторы, профессор Раджабов Кахрамон (Өзбекстан), «BULAG» кітапханасы директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Бенджамин Гишар (Франция), филология ғылымдарының докторы Абид Тахирли (Әзербайжан), Қырғызстан Кітап палатасының жауапты қызметкері Кушубек Качибеков (Қырғызстан), Аймақтық мәселелер институтының директоры Дмитрий Журавлев (Ресей) және басқа да алаштанушы, шоқайтанушы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.Конференция аясында Ұлттық академиялық кітапханасы ұйымдастырған Мұстафа Шоқайдың өмірі мен тұлғасына арналған тақырыптық көрме ұсынылды.