4 қаңтарда Маңғыстау облысында Үкіметтік комиссия сұйытылған газ бағасын төмендетуді талап еткен бастамашыл топпен кездесу өткізді. Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
“Кездесуде өзекті мәселелер, соның ішінде сұйытылған газ бағасын төмендету туралы айтылды. Қатысушылар жағдайды реттеу мүмкіндігін талқылады”- делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, Жаңаөзен қаласында 2 қаңтар күні көлік жүргізушілері әкімдік алдында шеру жасап, көлік жолын жауып тастады. Олардың талабы көлікке жанармай орнына қолданатын газдың бағасын 120 теңгеден 50 теңгеге дейін түсіру. Маңғыстау облысынан бөлек қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласы, Атырау, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан және Қостанай облыстарында халық жаппай митингке шығып, наразылық білдіруде.