Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 22-желтоқсан күні елдегі БАҚ өкілдеріне берген, 2017 жылды қорытындылауға арналған сұхбаты барысында Ресейде өтетін президенттік сайлауға пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елбасы «Ресей біздің жақын көршіміз және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) кеңесшісі. Ортақ тирихымыз бар. Қазақстан мен қазақстандықтардың мүддесі үшін әрдайым осындай қарым-қатынас сақталып келеді. Осы орайда бұл жақын қатынастарды ескере отырып, ресейлік әріптестермен өзара кеңес беріп немесе кеңес алып жүретін кездер болады. Яғни, ортақ мақсаттарға қатысты шешім шығарамыз» деп мәлімдеді.
Сұхбат барысында Мемлекет басшысы Ресей президенті Владимир Путиннің 2018 жылғы президенттік сайлауға түсетініне пікір білдіріп, «Бұл қалыпты сайлау процесі. Владимир Путин РФ президенті сайлауына қатысатындығын жариялады. Мен оған сәттілік тілеймін. Барлық мәліметтер бойынша ол жеңіске үміткер деп санаймын және бұл дұрыс. Қазіргі қиын кезеңде, яғни Ресей осындай қысымға түсіп жатқан уақытта Путин мемлекет қайраткері әрі Президент ретінде осының барлығына төтеп беруде, сондай-ақ халқын алға жетелеп келеді», – деді.
Еске сала кетейік, 2018 жылы Ресейде президенттік сайлау өтеді. Үміткерлер саны алдағы жылдың басына дейін толығымен анықталатын болады. Кандидаттарды ресми түрде тіркеу желтоқсан айына басталады.
Жадыра Аманбайқызы