Министр: қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін 2021 жылдан бастап пайдалана алады

0
182
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін 2021 жылдан бастап пайдалана алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты. 

“Біз ұсыныстарды мемлекет басшысына енгіздік. Егер президент мақұлдаса, үкімет жол картасын әзірлейді. Зейнетақы жинағын алу үшін де қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуіміз керек. Сондықтан да заң жобасын қабылдауға уақыт қажет. Бұл кем дегенде жарты жылға созылады. Ал шын мәнінде, 2021 жылдан», – деді Нұрымбетов “Хабар 24” арнасындағы “Дөңгелек үстел” бағдарламасында.

Министрдің айтуынша, жұмыс істейтін азаматтарға “жеткілікті шектен” асатын соманы жеке мақсатта жұмсауға мүмкіндік беруге болады.

“Жеткіліктілік шек” – бұл зейнет жасына жеткенде, өмірінің соңына дейін елдегі ең төменгі зейнетақыдан кем емес зейнетақы алып тұруға жететін жинақ сомасы. Жеткіліктілік межесі әр жас үшін әртүрлі болады. Мәселен, 40 жастағы адамның қажетті соманы жинауға әлі 23 жыл уақыты бар”, – деп түсіндірді ол.

Екінші категория – зейнеткерлер. Үкімет оларға зейнетақы шотындағы ақшасының жартысын алуға мүмкіндік беруді ұсынып отыр. Бірақ бір шартпен ғана – шотта қалған ақша әлгі адамның зейнетке шыққандағы табысының 40 процентінен кем болмауы тиіс.

“Осылайша, біздің есебіміз бойынша, бірінші категория – жұмыс істейтін азаматтар, олар шамамен 113 мың адам және зейнет жасына жеткен 120 мыңға жуық адам осы мүмкіндікке ие болар еді. Біз, ақшаны ең алдымен, баспана мәселесін шешуге, емге жұмсауды ұсынамыз”, – деді министр.

Сондай-ақ, әр азамат өз таңдауына қарай зейнетақы жинағының бір бөлігін зейнетақы активтерін басқару бойынша жекеменшік компанияға аудара алады.

Осыған дейін, Біржан Нұрымбетов зейнетақы жинағын пайдалану мәселесін түсіндіріп өткен еді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз