Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасарлары тағайындалды

0
205
Есет Байкен (сол жақта) және Берік Жәкенов (оң жақта). Photo: Astana.gov.kz

Сәрсенбі күні Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасарлары болып Есет Байкен мен Берік Жәкенов тағайындалды. Бұл жөнінде әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

“Асхат Оралов пен Асқар Әмрин басқа жұмысқа ауысуына байланысты астана әкімінің орынбасарлары тағайындалды. Президент әкімшілігінің келісімі бойынша меритократия қағидаты бойынша қала әкімнің орынбасарлары болып Сарыарқа ауданының бұрынғы әкімі Есет Байкен мен Есіл ауданының бұрынғы әкімі Берік Жәкенов тағайындалды”, — делінген хабарламада.

Есет Байкен еңбек жолын Нұр-Сұлтанның экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында жетекші маман қызметінен бастаған. Әр жылдары астана әкімі аппаратының әлеуметтік-мәдени сала бөлімінің бас маманы, астана әкімі аппаратының бас инспекторы, ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің басшысы болып жұмыс істеген.

2016-2019 жылдары ҚР президенті әкімшілігі басшысы хатшылығының сарапшысы, мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы, Қарағанды облысы Нұра ауданының әкімі, Нұр-Сұлтан әкімі аппаратының басшысы лауазымдарын атқарды. 2020 жылдан бастап Сарыарқа ауданының әкімі болып жұмыс істеді.

Берік Жәкенов еңбек жолын 2000 жылы Көкшетаудың салық полициясы органынан бастады. 2002-2007 жылдары Теміртау бойынша салық комитетінің жетекші және бас маманы қызметтерін атқарды. Сонымен бірге әр жылдары Қарағанды облысының әкімдігінде, қаржы министрлігінде қызмет атқарған.

2015 жылы президент әкімшілігі басшысының хатшылығы меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалды. 2016 жылдан бастап Нұр-Сұлтан әкімі аппаратының басшысы лауазымын атқарды, 2019 жылдан бастап Есіл ауданының әкімі болып жұмыс істеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз