30 мың қырғыз азаматы Қазақстанда нәпақа тауып жүр

0
253
Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы.

Қырғызстан еңбек, әлеуметтік қамтамасыз ету және көші-қон министрлігіне қарасты азаматтарды шетелге жұмысқа орналастыру орталығының директоры Қуандық Акматбековтың айтуынша шетелде 1 млн 118 мың қырғыз азаматы жұмыс істеп жатыр. Оның шамамен 30 мыңға жуығы Қазақстанда. Бұл туралы RFE/RL сайты қырғыз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

“Ресейде – 1 млн 63 мың, Қазақстанда – шамамен 30 мың, Түркияда – 20 мың, АҚШ пен Араб елдерінде – 10 мың, Германия, Канада және Италияда – 6 мың, Оңтүстік Кореяда – Қырғызстаннан барған 5 мыңнан астам еңбек мигранты жұмыс істеп жатыр. Бұған қоса, 76 мың қырғыз азаматы “қара тізімге” енгендіктен Ресейге бара алмай жатыр” деді Акматбеков.

Министрлік жанынан азаматтарды шетелге жұмысқа орналастыру орталығының құрылғаны биыл қаңтар айында хабарланған. “Мұндай шешім еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталғаны” айтылды.

Ақпанның басында министрлер кабинетінде азаматтарды шетелге жұмысқа орналастыру жүйесін жетілдіру қажеттігі айтылды. Сол кезде министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Еділ Байсалов “алдағы жылдары да жұмыс күші көп болады” деп мәлімдеп, министрлер кабинеті “қырғыздарды шетелге жұмысқа орналастыруға белсене кіріседі” деп айтқан.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз