Осы жылдың наурыз айында 2021-2023 жылдарға жоспарланған “Елорда жастары” тұрғын үй бағдарламасы басталады. 25 ақпанда өткен брифингте “Отбасы банк” АҚ орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев бағдарламада кімдерге басымдық берілетінін айтты.
Оқи отырыңыз: Қолжетімді баспана: Құрылыс компанияларымен алдын ала келісім жасалады
“Ол жерде жастардың жасы 35-тен аспауы керек. Бөлінетін кредиттің шегі 13 миллион теңгенің шамасында есептеліп отыр. Алғашқы жарна – 10 процент. Одан кейін қолданыстағы заңнама бойынша Нұр-Сұлтан қаласында кезекке тұра алмай жүрген жастарды қамту карастырылған. Қазіргі тұжырымдамада бұқаралық ақпарат құралдарында істейтін азаматтар да бар. Сосын бюджеттік салада еңбек етіп жүрген мұғалімдер, полицейлер, одан кейін өнер мен әлеуметтік сала қызметкерлерін де қамту мәселесі алдын ала көрсетіліп отыр”, – деп атап өтті Матаев.
Филиал басшысының сөзіне қарағанда, тізім әлі толықтырылады. Оған өндіріс пен ақпараттық технологиялар мамандарын да қосу жоспарланып отыр.
“Жергілікті мәслихаттың отырысы қай кезде болатынын айта алмаймын. Бірақ биыл болатыны анық, бұл бағдарлама наурыз айында басталады деп айтуға болады”, – деді Матаев.
Матаевтың айтуынша, жақын арада мәслихат отырысында бағдарламаның негізгі шарттары мен бюджеті бекітіледі.
Бағдарлама туралы толығырақ: “Elorda Jastary” бағдарламасы