Онлайн петиция: Зейнетақы қорындағы ақшаны алуды қиындатпау үшін қол жинау басталды

3
1,216

Қазақстанда зейнетақы қорындағы ақшаны алу шартын қиындатпауды талап еткен онлайн петицияға қол жинау басталды.

Өткен апта жұма күні бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) қорда міндетті түрде қалуы тиіс қаражат мөлшері (“жеткілікті шек”) шамамен екі есеге ұлғаятынын хабарлаған.

Қазір зейнетақы қорындағы ақшаны пайдаланғысы келген 30 жастағы адамның зейнетақы есепшотында кемінде 2,53 млн теңге болуы тиіс. Ол қалған қаражатты мемлекет белгілеген бірнеше мақсатқа пайдалана алады. Ал 2022 жылдан бастап бұл көрсеткіш 4,37 млн теңгеге ұлғаяды.

“Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2022 жылы зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу шегін ұлғайтатынын хабарлады. Егер қазір 20 жастағы азамат 1.7 млн теңге жинауы керек болса, келесі жылдан бастап бұл көрсеткіш 3.1 млн теңге болады. Яғни, 1,8 есеге ұлғайтылады. Бұл ақылға қонымсыз! Бұған дейін сәл де болса тұрғын үй сатып алу немесе емделу үшін жинақталған ақшаны алу мүмкіндігі болған еді” делінген петицияда.

Петиция авторлары биліктен зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалану шартын жеңілдетуді, “жеткілікті шекті” төмендетуді талап еткен.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, “жеткілікті шек” мөлшерінің көбеюі әлеуметтік көрсеткіштердің ұлғаюымен байланысты. Атап айтқанда, 2022 жылы ең төменгі жалақы мөлшері 41 пайызға көбейген (42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін). Министрлік “жеткілікті шек” мөлшері жыл сайын өзгеріп отыратынын айтты.

Жаңа өзгеріске сәйкес, келесі жылдан бастап 30 жастағы азамат үшін зейнетақы қорында қалуы тиіс “жеткілікті шек” мөлшері – 4,37 миллион теңге, 40 жастағылар үшін – 5,79 миллион теңге, 50 жас – 7,43 миллион теңге, ал 59 жастан бастап – 9,12 миллион теңге болады.

3 ПІКІРЛЕР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз