Орталық Азия мигранттары мәселесі талқыға салынды

0
179

Бүгін елордада «Мигранттардың осалдығы және Орталық Азиядағы ықпалдастықтың қажеттігі» тақырыбында Орталық Азия мигранттарының мәселесі талқыланды.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасында өткен өңірлік семинар барысында Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҚҰ) жобасы сарапқа салынды.

««Екі дағдарыс тарихы: Көші-қонның, білім мен дамудың, ырықсыз экстремизмді болдырмаудың өзара байланысы»» тақырыбы аясында өткен семинар барысында тірлік қамытын киген мигранттардың тағдыры, бақылаушылар тарапынан зерттелген жұмыстардың қорытындылары ортаға салынды. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Тимур Төлегенұлы Орталық Азиядағы мигранттардың көбі шет елдерден жұмыс іздеп бас сауғалайтынын атап өтіп, бүгінгі семинарда көші-қонның адами келбетін көрсету мақсат екенін және сандар астында адам тағдырлары жатқанын, т.б. маңызды детальдарға тоқталып өтті.

Бұдан өзге Орталық Азиядағы USAID өкілдігінің демократия және мемлекеттік басқару мәселелері жөніндегі бөлімінің аймақтық директоры Стефани Гарви, ХКҚҰ Алматыдағы кеңсесінің жетекшісі, Орталық Азия жөніндегі ХКҚҰ үйлестірушісінің орынбасары Татьяна Хаджиэммануэль сөз алып, миграция және экстремизм тақырыптары аясында баяндама оқып, ой қорытты.

Сонымен қатар, «Мигранттар: Орталық Азиядағы көрінбейтін күш» атты тақырыпта алыс-жақын шетелдерде тірлік қамын күйіттеп жүрген мигранттардың өмірінен сыр шертетін оқиғалы суреттер трейлері көрсетілді.

Семинар барысында «Мигранттардың осалдығы және Орталық Азиядағы ықпалдастықтың қажеттігі» тақырыбында өңірлік зерттеу нәтижелерінің қорытындысы талқыланды. Осы орайда сөз алған Тәжікстан бойынша мигранттардың халықаралық ұйымының бақылаушысы Әлішер Ярбабаев қазіргі таңда Тәжікстанда еңбек мигранттарының саны азайғанын алға тартып, еңбек мигрантында әйелдердің саны көбейіп келе жатқанын және бұл аса қуантатын жайт еместігін алға тартты. Бұдан өзге, тәжікстандық бақылаушы миграцияның өсуінің басты себебі экономикалық фактор емес, дамудың жоқтығынан деген пікірді қуаттады.

Сондай-ақ, Қазақстандағы Мигранттардың Халықаралық Ұйымының (МХҰ) ұлттық бағдарламалық байланыстырушысы Дамира Үметбаева, МХҰ-ның Қырғызстан бойынша бақылаушысы Маметбек Мырзабаев, МХҰ-ның Өзбекстан бойынша бақылаушысы Фаррух Ирназаров сөз алып, миграция мәселесі төңірегінде осал мигранттар мен аймақтық ынтымақтастық, мигранттар құқығы, әлемдік тәжірибелер туралы ой бөлісті.

Сайлаубай Сабина

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз