Бүгін халықаралық отбасы күні. Атаулы күн 1993 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясымен бекітілген. Бұл күнді белгілеу түрлі мемлекеттерде қоғамның назарын отбасына аудару қажеттігінен туындаған. Отбасы күні алғаш рет 1994 жылы аталып өтті. Бұл күн негізінен отбасы ошақ қасындағы мәселелерге назар аудару, жанұя жарасымын сақтау мақсатында атап өтуді көздейді. Десе де, бүгінгі таңда ажырасудың саны артып келеді. Мәселен, былтыр ақпан айында статистикалық деректерді зерттеумен айналысатын халықаралық World Population Review сайты Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемдік рейтингте екінші орында тұрғанын жариялады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда 2022 жылдың қаңтар мен желтоқсан айлары аралығында 128,5 мың жұп шаңырақ көтерген, ал 17,7 мың отбасы ажырасқан. АХАТ органдарының дерегі бойынша, бұл 2021 жылғы деңгейден 8,1% төмен. Нәтиже төмендегенімен, бұл қоғамның дертіне айналуда. Осыған орай “Отбасын сақтап қалай сақтап қалуға болады?” деген сауал төңірегінде мамандардың пікірін білдік.
Өзгертпе, өзгер
Елордалық отбасылық судья Жанна Бәкірова айтуынша, «Мамандар отбасылық жұптың ажырасуы тек жеке адамдардың ғана емес, қоғамның проблемасына айналған. Себебі бұл демографиялық жағдайдың нашарлауына, азаматтардың еңбекке қабілеттілігінің төмендеуіне, жалғызбасты адамдардың көбеюіне алып келеді. Ажырасу бала психологиясына да әсер етіп, олардың кейбірі оның зардабын өмір бойы тартады. Мінезі ұйық немесе ашушаң болып қалыптасады. Әр бақытты отбасының кепілі – ерлі-зайыптының бір-бірін сыйласуы. Әйелі мен ері бір-бірін өзгертуге тырыспай, өзара сыйластыққа қадам басуы тиіс”.
Отбасы институтын қайта жандандыру
«Балаларға өмірлік дағдылар беру, геронтопсихология бойынша үлкен буынның ішкі қайшылық мәселелерін шешу, буындар арасындағы байланыстың болуы, отбасы институтын қайта жандандыру арқылы ғана біз ажырасу мәселесіне тосқауыл бола аламыз. Өзгелердің құндылықтарына құрметпен қарап, өзімізге не қажет екенін білгенде мұндай проблемалар саны да азаяды», дейді Azattyq Rýhy тілшісімен болған сұхбатта.
Ал отбасылық психолог Ержан Мырзабаевтың айтуынша, ажырасудың көп болуы отбасылық құндылықтардың құлдырауынан болады.
«Отбасының даму динамикасы бар»
«Отбасын сақтап қалу үшін ең маңызды үш нәрсе бар. Ең бірінші, ерлі-зайыптылар бір-біріне көңіл бөліп, арнайы отбасылық күннің болуы. Сол күнде отбасы мүшелері бас қосады, бір-біріне көңіл бөліп, бірін-бірі тыңдайды, қуанышқа толы уақыт өткізеді. Бұл неге керек? Сондай сәттерде отбасы мүшелері арасында психоэмоционалды байланыс пайда болады. Ол байланыс күшейген сайын, отбасы берік болады.
Екіншісі, отбасы психологиясы төңірегінде білім алу. Кейде отбасын сақтап қалу керегін біледі де, бірақ, нақты не істеу керегін білмейді. Отбасының өзінің даму динамикасы бар. Даму динамикасына сай белгілі бір кезеңдерде кездесетін проблемалар, олардың алдын-алу жолдары және шешу жолдары бар. Осыны алдын-ла арнайы курстар оқып, білімін жетілдіретін болса, онда кез келген сәтке дайын болып отырады.
Үшіншісі, еркек пен әйел адам арасындағы қарым-қатынаста теңдікті қалыптастыру. Яғни, еркек әйелін өзінің теңі қылу керек, әйел еркекті өзінің теңіқ ету қажет. Серіктестік тұрғысынан қарым-қатынас құрылатын болса, сонда ондай отбасылар берік болады. Бұл отбасыларда бір-бірін тыңдау, сыйлау, пікірлерімен санасу жақсырақ болады», – деді отбасылық психолог Ержан Мырзабаев, “Адырна” ұлттық порталына берген сұхбатында.
Сонымен қатар,мамандар отбасыға байланысты кітаптарды оқып, зерттеу артықшылық етпейтінін айтады.