Заң нормаларына сәйкес қайтару тетіктері ірі сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және әкімшілік–билік ресурстары (байланыстары, ықпалы) бар адамдармен сыбайлас олигополиялық топтарға қолданылады, деп хабарлайды Kazaknews.kz.
Заң жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын (атқарған) субъектілерге, мемлекеттік заңды тұлғаларға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, сондай-ақ аталған тұлғалармен аффилирленген субъектілерге қолданылады.
Заң ережелерін қолдану үшін көрсетілген критерийлерге қосымша тұлғаларда Заңда белгіленген шекті сомадан – 13 млн. АЕК-тен асатын (44 млрд. 850 млн. теңге немесе шамамен 100 млн. АҚШ доллары) активтері болуға тиіс.
Активтерді қайтару жұмыстарын арнаулы уәкілетті орган (Бас прокуратура ведомствосы) жүзеге асырады. Ол мемлекеттік органдардың ақпараты және заңнамада тыйым салынбаған басқа да көздер негізінде мониторинг пен талдау жүргізеді.
Егер тұлға активтерді иемденудің заңдылығын растай алмаса, онда мұндай активтер шығу тегі түсініксіз активтер деп танылады.
Заңсыз иемделінген активтерді қайтару ерікті түрде немесе Республиканың, шет мемлекеттердің сот актілері немесе шет мемлекеттердің құзыретті органдарының шешімдері негізінде мәжбүрлі түрде жүзеге асырылуы мүмкін.
Шарттар ақша төлеу, активтердің бір бөлігін немесе барлығын мемлекетке қайтару, сондай-ақ толық алынбаған салықтың, келтірілген залалдың, активтерді иеленген жалпы кезең ішінде тұлға тапқан табыстың сомасын, бірақ мемлекетке келтірілген залалдан кем емес сомаларды және басқа да шарттарды қамтуы мүмкін.
Активтердің шетелде болуы мүмкін екенін ескере отырып, Заңда соттар шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету, ақпарат алмасу және өзге де құқықтық өзара іс-қимылдар үшін халықаралық құқықтық ынтымақтастық тетіктері қарастырылған.