Пышақталған балаға сенбеген «112» қызметкерінің соты өтіп жатыр

0
47
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе қалалық сотында Қылмыстық кодекстің «Салғырттық» бабымен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкеріне қатысты іс қаралып жатыр, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.

Биыл наурыз айында ер адам ұрлық жасау мақсатында ашық тұрған балкон арқылы пәтерге кіріп, отбасының үш мүшесін пышақтап өлтірген. Тек бір бала аман қалды. Ұрының қолынан пышақталған бала, 112-ге қоңырау шалады, алайда ТЖД қызметкері оған сенбеген.

«29 наурыз күні кәмелет жасқа толмаған жәбірленуші пышақ жарақатын алған соң құтқару қызметіне бірнеше рет қоңырау шалған. Ал облыстық ТЖД-нің қызметкері қоңырауға дұрыс жауап бермеді, көмек көрсетуге асықпады. Тек үшінші рет хабарласқанда ғана жедел жәрдем жіберген. Ол өз қызметін дұрыс атқармаған. Қылмыстық кодекстің 371-бабы 1-бөлігімен сотқа арыз түсті. Кінәсін мойындамауда. Кәмелет жасқа толмаған бала сол күні сағат 3:35-тен 4:25-ке дейін хабарласқан. Ал қызметкер мұны баланың ойыны деп ойлаған», – деді Ақтөбе облысы прокурорының аға көмекшісі Әсел Таналиева.

Жәбірленуші тарап, кінәліге заң аясында қатаң жаза беруді сұрап отыр.

«Құтқару қызметі бала әзілдеп тұр деп ойлап, сенбеген. Ол қайта-қайта хабарласқанының арқасында тірі қалды. Ол үш рет телефон шалған. Үшінші рет хабарласқанда ғана көмек келді. Құтқару қызметі ісіне салғырт қарағаны үшін қатаң жауапқа тартылуы керек деп есептеймін. Оны сот шешеді. Біз 5 млн теңге моральдық шығын сұрап отырмыз», – деді аман қалған оқушының апасы Евгения Кайрис.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз