Ақмола облысының Щучье ауданында орналасқан, 1939 жылдан бері келушілерге қызмет көрсетіп отырған «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағына келетін туристердің саны жыл санап артып келеді.
Әсем табиғатымен көздің жауын алатын «Бурабайда» туристердің жазда ғана емес, қыс айларында да демалуына болады. Соңғы кездері демалушылар арасында «қысқы туризм» кеңінен қанат жайған. Өткен жылдың қыс мезгілінде жалпы аумағы 83 510 га-ды құрайтын саябаққа небәрі бір аптаның ішінде 10 мыңнан астам демалушы келген.
Қазіргі уақытта курорттық аймақты дамытудың үшінші кезеңі бастау алды. Соның аясында үш жыл ішінде 61,3 млрд теңгеге жаңа демалыс орындарын салу, абаттандыру және тағы басқа шаралар жүргізілмек.
Аймақты дамыту кезеңінің барысында өткен жылы гольфқа арналған кәсіби орталық пен шаңғы базасы ашылған болатын.