2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары арасында Қазақстанда 1,2 мың шетелдік азамат қылмыстық құқық бұзушылық жасады. Бұл туралы Ranking.kz сайты хабарлады.
Алайда бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғы нәтижеден 17,1%-ға аз. Қазақстан аумағында ТМД елдерінен тәртіп бұзушылар саны бір жылда 19,8%-ға азайып, 1,1 мың адамға, ал алыс шетелдерден келгендер керісінше 12,5%-ға өсіп, 135 адамға жетті.
Өңірлік тұрғыда ТМД елдерінен келген тәртіп бұзушылар жиі Алматыда (162 адам) анықталды. Одан кейінгі орында Алматы (126 адам) және Жамбыл (121 адам) облыстары тұр.
Шетелдік азаматтардың көпшілігі (605 адам) меншікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықпен ұсталған. Бұл құқық бұзушылықтардың ішінде ұрлық, алаяқтық, ұсақ бұзақылық, тонау, автокөлікті немесе өзге де көлік құралын ұрлау және заңсыз иемдену әрекеттері болды.
Ал құқық бұзушылықтардың «танымалдығы» бойынша екінші және үшінші орында әкімшілік тәртіпке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар (оларды 222 адам жасаған) және адам құқығына қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар (108 адам) орналасқан.