Бейсенбі күнгі Сенат отырысында депутат Рысқали Әбдікеров премьер-министр Асқар Маминға жолдаған сауалында Балқаш көлінің тартылуы туралы айтты.
Оқи отырыңыз: Балқаш көлі Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін
Сенатордың сөзінше, көлге құятын негізгі өзен – Іле. Ол резервуарға су көлемінің 70%-на дейін әкеледі. Алайда өзеннің қалыпты ағу жылдамдығы секундына 400-500 текше метрді көрсетуі тиіс болса, қазір бұл көрсеткіш секундына 306 текше метр. Мұның болжамды себептерінің бірі – көрші мемлекет аумағындағы өзеннің жоғарғы ағысында реттелуі.
“Іле өзенін ұтымды пайдалануға қатысты келісімді еліміз мүддесіне сай келетіндей етіп одан әрі пысықтауды, Балқаш көлін келешек үшін сақтау бойынша нақтыланған арнайы жоспар әзірлеуді, Іле өзені арқылы көлге құйылатын су мөлшерін арттырып, үнемдеу үшін өзенге салынған гидромелиоративтік жүйелерді қайта жаңартуды сұраймыз”, – деді ол.
Әбдікеров Балқаш көлінің жағдайына жауап беретін мемлекеттік органдардың жұмысында бірізділіктің жоқтығын атап өтті. Кейінгі 14 жылда көлді зерттеу бойынша кешенді зерттеу жүргізілмеген. Сондықтан көлдегі су деңгейінің өзгеруі туралы статистика жоқ. Депутат пікірінше, бұл болашақта экологиялық апатқа әкелуі мүмкін.