Дүйсенбі күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Салық кодексіне ұялы қосымшалар арқылы жасалатын төлемдерді реттейтін өзгерістерге қол қойды. Бұл жөнінде Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Негізгі өзгерістердің бірі – кәсіпкерлердің ұялы телефон арқылы жасаған аударымдарын фискализациялауды, яғни тіркеуді міндеттеу. Бұған қоса, өзгеріске сай қазақстандықтарға тауар сататын интернет дүкендер мен технология компаниялары көбірек салық төлеуі тиіс.
Әлі күшіне енбеген заң бойынша, банктердің ұялы телефонға арналған қосымшасында “төлемдер” деген функция пайда болуы тиіс. Үкімет осы арқылы ұялы аударымдарды төлем әдісі ретінде пайдаланып, салықтан жалтарған бизнестерге салық төлеуді міндеттемек.
“Пандемия кезінде шағын және орта бизнес субъектілері ұялы телефон арқылы аударымдармен төлем қабылдай бастады. Бұл транзакция тек жеке тұлғаларға арналған еді. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін “ұялы телефон арқылы төлем жасау” дегенді анықтап, заңдастыруды ұсынамын. Кәсіпкерлерге ұялы қосымшалар арқылы төлем қабылдағанда бөлек есепшот қолдануды заңмен міндеттеу керек” деген еді қарашаның соңында сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев.
Ұялы телефон арқылы төлемдерді фискализациялау жоспары жайлы жаңалық шыққан тұста кәсіпкерлер мен қызмет көрсету орындары жұрттан ұялы телефон арқылы төлем қабылдаудан бас тартып, қолма-қол төлем талап ете бастады.
Елде ұялы қосымшалар арқылы жасалатын төлемдерде салық төленбейтіні Каспи банктің қосымшасын жұрт жаппай қолдана бастағанда туындады.
Кодекстегі өзгеріске сай, банктер мен төлем орындары мемлекеттік органдарға қазақстандық тұтынушылардың Amazon, Apple, Google, Netflix сынды шетелдік компанияларға аударған ақшасы жайлы есеп беруі тиіс.
“Интернет сауданың көлемі жыл сайын өсіп келеді, ал тауарлар тұтынушыларға пошта арқылы жеткізіледі де, бұған салық салынбайды. Кодексте осыған байланысты өзгеріс бар” деген еді қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазин қарашада мәжіліске заң жобасын таныстырғанда
Вице-министрдің сөзінше, заңды сақтамаған шетелдік компаниялардың қызметіне шектеу қойылуы мүмкін.
Билік салықты тек шетелдік интернет компаниялар төлейтінін, бұл заңды және жеке тұлғаларға әсер етпейтінін мәлімдеді.