Түркімен жастары үшін шетелге шығу енді арман болмақ

0
199
infoabad.com

Түркіменстанда жасы 30-ға толмаған ер азаматтар енді шетелге шыға алмайды. Бұл туралы «Азаттық радиосының» Ашхабадтағы қызметі хабарлады.

Түркіменстанның көші қон жөніндегі қызметі бұл жайт туралы ресми түсініктеме беруден бас тартты. Мемлекеттік меншіктегі ақпарат құралдары да тақырып төңірегінде жаңалық таратпаған. «Азаттық радиосының» елдегі көші-қон қызметіндегі дереккөздеріне сүйенсек, Ашхабад шетелге кеткен еңбек мигранттарының санын азайту үшін жастардың елден шығуына кедергі келтіріп отыр.

Бұдан алдын келіп түскен ақпараттарды ескерсек, соңғы бір айдың төңірегінде Түркіменстаннан шет елдерге, әсіресе Түркияға, барғысы келетін азаматтардың шекара аса алмай дал болғаны жайлы оқиғалар жиілеген. Алайда, ақпарат агенттіктерінің бұл жайтты ескерусіз қалдыруына байланысты бұл оқиғалар елеусіз қалып отыр.

Сонымен қатар, түркімен билігі шет елдерде жұмыс бабымен немесе оқу жайымен жүрген отандастарын елге қайтару үшін түрлі шаралар қарастыруда. Кей мекемелерде тіпті жұмыскерлерден «күнкөріс қамымен шет елге кетпейтіні» жайлы қолхаттар алына бастаған.

Түркімен азаматтарының «екі қолға бір күрек іздеп» шет елдерде тентіреуінің басты себебі – жұмыссыздық. Үкіметке жақын дереккөздерден алынған мәліметке сүйенсек, 2017 жылы жұмыссыздық деңгейі 60 %-ды құраған.

Бауыржан Мұқан

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз