Астана қаласында 19-20 наурыз күндері сағат 14:00 мен 18:00 аралығында қоғамдық орындар мен автобустарда Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамын насихаттауды мақсат тұтатын «Астана Наурызы – 2018» қалалық акциясы өтеді.
Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өткізілгелі отырған шара бүгін сағат 15:00-де Жәнібек пен Керей хандар ескерткішінің алдында бастау алмақ.
Шара барысында насихатшы жастар тобы елорданың негізгі көшелерін, ірі сауда орталықтары мен ойын-сауық кешендерін, кәсіпкерлік объектілерді, сондай-ақ қоғамдық көліктерді аралап, әкімшілік атынан құттықтау хаттарын табыстап, ұлттық бағытта ойындар жүргізеді. Қоғамдық орындардағы көпшілік алдында мемлекеттік тілде ән айтып, өлең оқып ана тілде сөйлеуге, оны құрметтеуге Наурыз мерекесінің құндылықтарын ұғынуға үндеу тастайды.
Акция барысында 5 мыңнан астам сыйлық ұсынып, 10 мыңнан астам құттықтау парақтарын тарату, 30-дан астам ірі нысандарды аралау, 100-ден астам көшені автобуспен жүріп өту көзделген.