Қытайдың Хайнань аралындағы қазақстандық туристер мінген алғашқы рейс Алматыға келді.
Елге оралған жолаушылардың барлығы бетперде киіп, бортта инфекция жұқтырған адам болмағанын айтты.
Келген туристердің тепловизор арқылы қызуын тексерді.
“Ұшақта тіпті ешкім түшкірмеді. Бізді баспасөздің хабарламасы шошытты. Зәреміз ұшты, ештеңе жеген жоқпыз (экзотикалық). Бетперде мен көзілдірік киіп жүрдік. Ол жақта 20 қаңтардан бері болдық”, – дейді Хайкоудан (Хайнань аралындағы қалалық округ) келген отандасымыз – Арнай.
Ал Әлияның айтуынша, ол Хайнаньда балалармен – қызымен, жиенімен – бірге демалған. Жолдамаларды коронавирус туралы жаңалық шыққанға дейін сатып алыпты. Вирус таралып жатқанын Қытайға барған кезде бір-ақ білген.
“Балалар үшін мүлдем алаңдаған жоқпын. Онда бәрі тыныш болды. Демалыстың шырқын ештеңе бұзбады. Тек, соңғы екі күн, 26 қаңтардан бастап экскурсиялар мен ойын-сауық іс-шараларын тоқтатты”, – дейді ол.
Айта кетейік, қазақстандық туристер мінген SCAT ұшағы 29 қаңтарда Хайкоудан ұшып келді. Ұшақ 28 қаңтарда сағат 14:25-те ұшуы тиіс болған, бірақ рейс кейінге қалдырылды. Келу уақыты үш рет ауыстырылып, рейс бірнеше сағатқа кешіккен.