23 қаңтарда Қазақстанда тұрғын үйге зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға өтініш қабылдау басталды. Өтініш екі күн ішінде қаралуы тиіс. Бұл туралы ОКҚ баспасөз жиынында банк төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді.
Өтініштер enpf-otbasy.kz порталында қабылданады.
“Бағдарламаны асыға күткендердің барлығын сенбі күні таңғы 09:00-ден бастап күтеміз. Әдейі демалыс күнін таңдадық, себебі кез келген адам үйінде отырып өтініш бере алатындай болсын дедік”, – деді банк басшысы.
Зейнетақы жинағын баспана мәселесін шешуге пайдалану 800 мыңнан астам қазақстандық үшін жаңа мүмкіндікке жол ашқан.
Үкімет зейнетақы жинағының бір бөлігіндегі ақшаны жер, үй алуға, үйін жөндеуге, ипотека төлеуге, емделуге алуға рұқсат берді. Дегенмен осы қаржыға сатып алған үйді бес жыл ішінде қайта сатуға болмайды.
Биліктің зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалану туралы шешімі қоғамда қызу талқылануда. Зейнетақы жинағындағы қаржысы “қажет шегінен” асқан адамдар ғана ақшаларын ала алады. Осы шегі жоқ “шек” көп мәселе туғызып, халықтың басын қатырды.
Қойылған талаптарға сәйкес, 20 жастағы адамның есепшотында – 1 млн 710 мың теңге, 30 жастағы адамның – 2,5 млн, 50 жастағы адамның – 4 млн 470 мың теңгесі болса ғана, онда да соның үстінде қалған ақшаны ала алады.
Бұған қоса зейнетақы қорынан мерзімінен бұрын алатын ақшаңызға 10 пайыз табыс салығын салу бар, бұл да халықтың көкейіне қона қоймады. Сондықтан қоғамда зейнетақы қорындағы ақшаны азаматтардың қажеттілігіне жұмсау мәселеге айналды.