Тіл білімі профессоры Әлімхан Жүсіпбек латын әліпбиіне көшу дегенді бір таңбаны екінші таңбаға алмастыру деп түсінудің бұрыс екенін ескертіп, «жаңа әліпбиге көшу дегеніміз – қазіргі қазақ жазуына іргелі, күрделі реформа жасау деген сөз», – деді.
Кеше елордамыз Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде латын әліпбиіне өту мәселесі бойынша баспасөз конференция болып өтті.
Тіл мамандары атынан жиынға Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов пен А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүсіпбек қатысты.
Баспасөз конференцияда сөз сөйлеген профессор Әлімхан Жүсіпбек латын әліпбиіне көшудің қоғамда әліппедегі таңбалардың басқасына ауысуы деп қабылданатынын айтты.
«Латын әліпбиіне көшу деген – біздің қазіргі қазақ жазуына іргелі, күрделі реформа жасау деген сөз. Кез келген мемлекет, кез келген ел мезгіл-мезгіл өзінің жазуын жетілдіріп, пысықтап отырады. Сондай сәт, қазір, мінекей, бізге де келді. Әрине, кез келген реформа деген көпшілікті, елді, бір дүрліктірмей қоймайды. Оның қолдаушысы болады, оған қарсылар болады»,
– деп есептейді профессор.
Ә. Жүнісбек болғалы жатқан реформаны қазақ тілі үшін заңдылық деп қабылдау керек екенін мәлімдеді.
«Жалпы, реформа деген үш бөліктен тұрады. Бірінші, қазақ тілінің төл дыбыстарын анықтап алу керек. Екінші, сол ұлттық дыбысқа арнайы таңбалар (іріктеп) алу (керек). Үшінші, сол әліпбиге байланысты емле-ереже құрастыру керек. Мінекей, біз осы үш мәселені қатар шеше алсақ, онда жазу реформамызда нәтиже болады»,
– деп түсіндірді спикер.