Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов қайтыс болды

0
344
Әбдіжәміл Нұрпейісов.

“Қан мен тер” трилогиясының авторы, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов 97 жасында дүниеден озды. Бұл жөнінде 5 ақпанда мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан facebook парағында жазды. 

“Классик жазушы, ІІ-Дүниежүзілік соғыстың ардагері, даңқты Әбдіжәміл ақсақал Нұрпейісов қайтыс болыпты. Иман байлығын берсін. Адамзаттың басынан өткен небір сұрапыл дәуірлерді тәнімен де, жанымен де сезінген Алып Жүрек ғасырға жақындап барып тоқтапты. Көрмеген көшесінен жарылқасын”, – деді ол.

Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылдың 22 қазанында Қызылорда облысының, Арал ауданының, Құланды поселкесінің Үшкөң ауылында дүниеге келген. Қазақстанның халық жазушысы. ХХ ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткерлердің бірі, қоғам қайраткері. 1941-1945 жылдардағы II Дүниежүзілік соғыс ардагері, Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курляндия плацдармындағы шайқастарға қатысқан.

Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. photo: akorda.kz

Қаламгердің тұңғыш романы “Курляндия” 1950 жылы жарияланып, кейіннен “Күткен күн” деген атаумен өңделген нұсқада жарық көрді. Бұдан бөлек, ол – “Сең”, “Соңғы парыз” роман-дилогиясының, “Толғау” атты сыни еңбектің, көптеген очерктер мен көркем аудармалардың авторы. Ал басты туындысы – “Қан мен тер” трилогиясы (1-кітап – “Ымырт”, 1961; 2-кітап – “Сергелдең”, 1964; 3-кітап – “Күйреу”, 1970).

Әбдіжәміл Нұрпейісов Чехов, Горький, Хикмет пен испан жазушысы Кэсонның шығармаларын қазақ тіліне аударды. Сонымен қатар, Нұрпейісовтің туындылары да бірнеше шетел тіліне тәржімаланған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз