Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысының бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары мен гранттарын табыстады.
Президенттің арнайы сыйлықтарына «Informburo.kz» интернет-порталының бас редакторы Михаил Дорофеев, «Астана» республикалық телеарнасының бас директоры Ләззат Танысбай ие болды.
Гранттар «Хабар» республикалық телеарнасының сараптамалық бағдарламалар бөлiмiнiң тiлшiсi Айгүл Әдiловаға, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары Мейiржан Жиенәлiге тапсырылды.
Мейiржан Әлібекұлы, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары:
– Боз бала шағынан бері журналист болсам деп армандап, ауылда май шамның жарығымен кітап оқып жататын бала Мейіржан бүгінде Мемлекет басшысының атынан арнайы грант иегері атанды. Абай атамыз «әуелі Аллаға сыйын, екінше өз қайратыңа сүйеніп еңбек қыл, қара жерде құр қалдырмайды», деп айтқандай бұл марапат мамандыққа деген махаббатттың нәтижесі деп білемін. Ал бұл жеңіс биыл құрылғандығына 60 жыл толған қазақ телевизиясы мен оның заңды мұрагері «Қазақстан» ұлттық арнасының жеңісі деп есептеймін.
Қазақстан Республикасы Президентiнiң алғысы «Алматы» телеарнасының, «Астана ақшамы» республикалық қоғамдық-саяси газетiнiң, «Балдырған» республикалық балалар журналының, «Өзбекстан ұлттық телерадиокомпаниясының» шығармашылық ұжымдарына жарияланды.