Қазақстанда өткен тәулікте 3031 адамнан коронавирус анықталды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Осылайша Елде пандемия басталғаннан бері вирус жұқтырғандар саны бойынша антирекорд орнады.
Бұдан бұрын министрлік елде 3003 адамнан коронавирус анықталғанын мәлімдеген. Елде коронавирустың делта варианты тарап жатқан тұста коронавирус жұқтырғандар саны екінші күн қатарынан үш мыңнан асты.
Ресми дерек бойынша, Қазақстанда былтыр наурыздан бері 436 962 адамнан коронавирус табылған. Бірақ кейбір сарапшылар елдегі бұл статистика төмен, шынайы жағдайды көрсете алмайды деп санайды.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Атырау, БҚО, Қарағанды, Маңғыстау және Павлодар облыстары қаупі көп “қызыл аймақта”, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда облыстары вирус тарауы жағынан орташа “сары аймақта” тұр. Қалған облыстар “жасыл аймақта”.
Министрліктің дерегінше, 5 шілдеге дейін елде 3,7 миллион адам коронавирусқа қарсы екпенің бір дозасын; 2,2 миллиондай адам екі дозасын да алған. Елде ресейлік “Спутник V”, қазақстандық QazVac, HayatVax (БАӘ елінде дайындалған Қытайдың екпесі), қытайлық Coronavac екпесін салып жатыр.
Қазір елде 31 718 адам Covid дертіне шалығып, емделіп жатыр. 9645 адам ауруханада жатыр. 600 науқастың жағдайы ауыр, 69 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.