Әзербайжан тұтқындағы армян сарбаздарын мина картасына алмастырды

0
258
Photo: BBC

Әзербайжан тұтқынға түскен 15 армян сарбазын мина алаңдарының картасына алмастырды. Бұл туралы 3 шілде күні екі елдің сыртқы істер министрліктері хабарлады.

Өткен жылдың күзінде Әзербайжан мен Армения арасында Таулы Қарабақ пен оның айналасындағы аумақ үшін алты апталық соғыс болып, оның соңы Ресейдің араағайындығымен аяқталды. Бітім келісімі бойынша, Баку Таулы Қарабақтың едәуір бөлігі мен соның айналасындағы жеті ауданды қайтарып алды, даулы аймаққа Ресейдің бітімгер әскері кіргізілді.

Әзербайжан СІМ өз мәлімдемесінде тұтқынды картаға алмастыру келісіміне Ресейдің ұйытқы болғаны жазылған. Келісім бойынша, Армения Баку қарамағына өткен Физули және Зангелан аймақтарындағы 92 мың минаның орналасқан жері белгіленген картаны беруі тиіс. Бұл миналар танкі мен жаяу әскерге қарсы қойылған.

Сарбаздар еліне қайтарылған соң, Армения олардың аты-жөнін атап, олардың бәрі елдің солтүстігіндегі Ширак облысының тумасы екенін айтты.

Таулы Қарабақ пен оның айналасындағы аудандар пост-советтік кеңістіктегі ең қатты миналанған аумақ саналады.

Қарашадағы бітім келісімінен бері миналардың жарылуынан Әзербайжанның жеті сарбазы мен 18 бейбіт тұрғыны қаза тапты, жүзден астам адам жарақат алды.

Әзербайжан үкіметі мина алаңдарының картасы көптеген адамды ажалдан сақтап, құрылыс жұмыстарын күшейтуге мүмкіндік береді деп үміттенеді. Баку осылайша 1990-жылдары үйін тастап көшуге мәжбүр болған әзербайжандарды туған жеріне қайтармақ.

Маусым айында Әзербайжан мен Армения осыған ұқсас келісім жүзеге асқан. Онда Баку 15 армян тұтқынын Ағдам аймағындағы мина алаңдарының картасына алмастырған.

Әзербайжан қолындағы армян тұтқындарының жалпы саны белгісіз.

Бітім келісімінен соң желтоқсанда Әзербайжан 44 армян тұтқынын, Армения 12 әзербайжан тұтқынын қайтарған.

Бірақ бітімнен кейінгі кішігірім дау кезінде Әзербайжан Арменияның 60 шақты сарбазын тұтқынға алған. Мәселені қиындатқаны, Әзербайжан қамауға алынғандарды соғыс тұтқыны деп санамай отыр. Женева конвенциясы аясында соғыс тұтқындарына ерекше мәртебе берілген.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз