Қырғызстанда жоғалған Орхан Инандыны Түркия арнайы қызметі (MIT) ұрлаған

0
569
Ердоғанның телеарнадан жасаған мәлімдемесі. Сол жақтағы кадрда Орхан Инандының суреті берілген.

Қырғызстандағы “Сапат” халықаралық білім беру мекемелерінің президенті, Қырғызстан азаматы, бір ай бұрын Бішкекте із-түссіз жоғалып кеткен Орхан Инанды Түркияға жеткізілген. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 5 шілде күні телеарнада жасаған мәлімдемесінде Түркия арнайы қызметі (МІТ) Орхан Инандыны елге әкеліп, жауапқа тартқанын айтты.

53 жастағы Орхан Инанды 1 маусым түнде Бішкекте із-түссіз жоғалып кеткен. Қырғызстан полициясы “Адам ұрлау” бабы бойынша іс қозғаған еді. Кейін оған Интерпол бойынша халықаралық іздеу жарияланды. Орхан Инандының мәселесі Қырғызстан парламентінде де көтеріліп, депутаттар оның жоғалуын “саяси операция” деп атады.

Түркияда туған Орхан Инанды 1995 жылы Қырғызстанға келген. 2012 жылы осы елдің азаматтығын алған. “Сапат” құрамында 16 лицей (көбі – Қырғыз-түрік лицейлері), “Ала Тоо” университеті, UWIS халықаралық мектебі және төрт мектеп кіреді. Бұл оқу орындарында 10 мыңдай оқушы мен студент бар.

2019 жылы Қырғызстан оны Түркияға экстрадициялаудан бас тартқан.

Бішкек полициясы Орхан Инанды ресми түрде Қырғызстан шекарасын кесіп өткен жоқ деп мәлімдеген еді. Ал Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Орхан Инандыға қауіп төніп тұрғанын ескерттік деген.

Орхан Инандының әйелі Рейхан Инанды бұған дейін желі арқылы күйеуін “Түркияның Қырғызстандағы елшілігінде күштеп ұстап отырғаны” жайлы хабар алғанын айтқан.

Орхан Инанды жоғалған соң Бішкектегі Түркия елшілігі алдында бірнеше наразылық акциясы өткен. Ал “Сапат” орталығы оның қайда екенін айтқан адамға ақшалай сыйақы тағайындаған. 5 шілдеде Орхан Инандының әйелі Рейхан Инанды Бішкекте бір адамдық пикетке де шыққан.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Анкараға сапармен барғанда Ердоғаннан Орхан Инанды туралы сұрағаны да айтылған.

“Ердоған оның қайда екенін білмейтінін, қолында ешқандай ақпарат жоғын, Гүлен жақтаушылары жайлы ештеңе білгісі келмейтінін айтты” деген еді Жапаровтың баспасөз хатшысы Ербол Сұлтанбаев.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз