Өткен тәулікте Қазақстанда тағы 2016 адам коронавирус жұқтырған. 10 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған. 28 адам өлімі тіркелді: 24 адам – коронавирустан, 4 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болғаны хабарланды.
Коронавирус жұқтырғандар саны жөнінен Алматы қаласы әлі алда тұр. Дүйсенбі күні мұнда 598 науқас анықталған. Нұр-Сұлтанда – 337, Шығыс Қазақстан облысында – 20, Павлодар облысында – 57, Атырау облысында – 34, Қарағанды облысында – 203, Ақмола облысында – 90, Батыс Қазақстан облысында – 113, Алматы облысында – 263, Қостанай облысында – 30, Солтүстік Қазақстан облысында – 31, Шымкент қаласында – 20, Жамбыл облысында – 51, Ақтөбе облысында – 85, Түркістан облысында – 24, Маңғыстау облысында – 9, Қызылорда облысында – 51 науқас анықталған.
2020 жылдың наурыз айынан бері елде 273 825 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Содан бері 3260 адам қайтыс болған.
Қазір 35 178 адам коронавирустан емделіп жатыр. 34 мыңнан астамының коронавирус тесті оң шыққан. 586 адамның жағдайы ауыр, 175 науқастың халі өте ауыр. 112 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.
Билік те, сарапшылар да Қазақстанда вакциналаудың баяу жүріп жатқанын айтады. 13 сәуірдегі мәлімет бойынша, елде 384 мың адам “Спутник V” екпесінің бірінші дозасын алса, 106 мың адам екінші дозасын ектірген. Коронавирусқа қарсы өзге вакциналар секілді “Спутник V” екпесі де екі дозадан тұрады. Екіншісі біріншісінен кейін 21 күн өткенде салынады.