8 шілдеде Қазақстанда 2909 адамнан коронавирус анықталды. Бұл туралы 9 шілдеде таңертең денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Елде былтыр наурыз айынан бері 448 000 адамға коронавирус жұққаны арнайы тестпен дәлелденген.
Өткен тәулікте Нұр-Сұлтанда – 796, Алматы қаласында – 420, Қарағанды облысында – 321, Шымкентте – 210, Батыс Қазақстан облысында – 191, Атырау облысында – 154, Павлодар облысында – 123, Ақмола облысында – 119, Маңғыстау облысында 111 адамнан коронавирус анықталды. Алматы облысында – 89, Шығыс Қазақстан облысында – 78, Ақтөбе облысында – 77, Қостанай облысында – 54, Қызылорда облысында – 46, Түркістан облысында – 44, Жамбыл облысында – 38, Солтүстік Қазақстан облысында 38 науқас тіркелген.
7 шілдеде 140 адам пневмонияның коронавирусқа ұқсас түріне шалдыққан. Оның алдында бұл көрсеткіш 26 болған. ПТР нәтижесі теріс, бірақ симптомдары коронавирусқа ұқсас “пневмония” статистикасы былтыр тамыздан бері жүргізіліп келеді. Министрлік мәліметінше, содан бері елде 57 630 адам “пневмонияның” сол түріне шалдыққан. Халықаралық сарапшылар пневмонияның коронавирусқа ұқсас түрін Covid деп санайды. Бірақ Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пневмониясын Covid статистикасына қоспай келеді.
Сәрсенбі күні коронавирус тесті оң шыққандар арасында 32 адам өлімі тіркелген, 5 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болған. Індет басталғалы бері ресми мәлімет бойынша, 4576 адам – коронавирустан, 3481 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болған.
Коронавирусқа қатысты адам өлімі статистикасына вирусқа шалдыққан мыңнан аса адам марқұм енбей қалды. Министрлік құрған комиссия олардың қазасына басқа дерт себеп болды деп тапқан.
Министрліктің мәліметінше, қазір 36 мыңнан астам адам коронавирустан емделіп жатыр, басым бөлігінің коронавирус тесті оң шыққан. 11 мыңнан астам пациент стационарда жатыр: шамамен 904 адамның жағдайы ауыр немесе өте ауыр. 93 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.
Қазір елдегі ірі үш қала мен жеті облыс “қызыл аймақта”: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Ақтөбе, Ақмола, Атырау, БҚО, Қарағанды, Маңғыстау және Павлодар облыстары. Қостанай, СҚО, Қызылорда, Алматы, Жамбыл облыстары вирус тарауы жағынан орташа “сары аймақта” тұр. Қалған Түркістан мен Шығыс Қазақстан облыстары – “жасыл аймақта”.
Министрліктің дерегінше, 8 шілдеге дейін 4 миллионнан астам адам коронавирусқа қарсы екпенің бір дозасын; 2,33 млн адам екі дозасын алған. Елде ресейлік “Спутник V”, қазақстандық QazVac, HayatVax (БАӘ елінде дайындалған Қытайдың екпесі), қытайлық Coronavac екпесін салып жатыр.