Бүгінде қазақ өлшемдері көпшілік ортада жиі қолданыла бермейді. Көркем әдебиет оқығанда да, көп дүние таңсық келуі мүмкін. Қазақ халқында өлшем бірлікке байланысты айтылатын сөздер жеткілікті. Massaget сайтының хабарлауынша, халық өлшемдерін қолданыстағы стандартты өлшемдермен салыстырғанда төмендегідей болады..
Қашықтық және ұзындық өлшемдері: Бір елі – 1-1,5 см; Сынық сүйем (бас бармақ пен сұқ саусақтың екі буыны бүгілгендегі аралық, бір сүйемнің төрттен үш бөлігі) 14-15 см; Сүйем – бас бармақ пен сұқ саусақты жазғандағы аралық, яғни – 17-18 см; Қарыс – бас бармақ пен ортан саусақты кергендегі аралық, яғни 20-22 см; Кез – 50 см; Аршын – шынтақтан саусақ ұшына дейінгі ұзындық, яғни 75 см; Құлаш – иық деңгейінде кере созылған екі қол ұшының аралығы немесе 1,8-2 м.
Үлкен өлшемдер: Адым – жай жүргендегі екі аяқ арасының алшақтығы 1 м; Таяқ тастам жер – тым жақын жер, яғни 10-15 м; Дауыс жететін жер – 250-300 м; Шақырым – 1шақырым; иек астында – 4-5 шақырым; Қозыкөш жер – 5-6 шақырым; Көз ұшында – 6-7 шақырым; Тайшаптырым – 4-5 шақырым; Құнаншаптырым – 8-10 шақырым; Бір көш жер – 10-15 шақырым; Атшаптырым – 25-30 шақырым;
Өте алыс жерлер: жер аяғы қиянда, жер түбі, жер мойны қашық, қиыр, ит өлген жер, ит арқасы қиянда.
Салмақ өлшемдері: 1 мысқал – 0,4 гр; 1 қадақ – 750 гр; 1 келі – 1 кг; 1 пұт – 16 кг; 1 батпан – 100 кг; 1 торсық – 6-7 литр; Бір саба – 10-15 литр.