Маңғыстауда ежелгі шебер сәулет өнерімен жасалған жер асты ғимараттары мен мешіттер көптеп кездеседі. Соның ішінде бізге жеткен ең көнелері мен көрнектілері – Шақпақ ата, Шопан ата, Масат ата, Қараман ата, Бекет ата сынды ескерткіштері. Бұл кесенелер қай дәуірде жасалса да үлкен шеберлік пен зор мәдениеттің, биік талғамның куәлары ретінде қалады. Бұдан бөлек, бүгінде Маңғыстау өңірі 362 әулие тыныс тапқан киелі мекен деп есептелінеді.
ХVIII ғасырдың екінше жартысы мен XIX ғасырдың басында өмір сүрген, барша қазақ ұстаз әрі пір тұтқан Бекет ата мазарына бүгінде зиярат етіп, қабіріне құран бағыштаушылар күн санап артып келеді.
Пайғамбар жасына дейін өмір сүрген Бекет Мырзағұлұлы жастық шағында елін, жерін жаудан қорғайтын батыр болған деседі. Жаугершілік заман тоқтап бейбіт тіршілік басталғанда Бекет ата дін жолына бет бұрады.
Хиудағы Хиуа Шерғазы медресесінде 7 жыл дәріс алады. Маңғыстауға қайта оралғаннан соң төрт бірдей мешіт салып, өзі салған мешіттерде ер балаларды оқытады. Ол жөніндегі аңыз әңгімелер мен жазбаларда батырлығы ерлігі жайында айтылғанымен қай соғысқа қатысқандығы нақты белгісіз.
Бекет ата туралы қолжазбаларда оның Қазақстанда төрт мешіт салғандығы турасында жиі айтылады. Ең алғашқы салған мешіті – зерттеушілердің болжамына сәйкес ішінде Бекет атаның мүрдесі қойылған жер, Үстірттің батыс баурайындағы Оғланды тауында орналасқан. Екіншісі Бейнеуде, үшіншісі Жем бойында, төртіншісі Арал жағасындағы Баялыда орналасқан.
Пір Бекет жайында қоғам қайраткері, халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы «Ол – көзінің тірісінде қиянатқа жол бермес Әділдіктің, күпірлікке жол бермес Адалдықтың, қараулыққа жол бермес Шапағаттылықтың, қатыгездікке жол бермес Мейірімділіктің, арсыздыққа жол бермес Парасаттылықтың асқан үлгісін танытқан, елінің жел жақтағы панасы, ық жақтағы саясы бола білген азамат, жаудан елді арашалаған Батыр, дауда әділетті арашалаған Қази, озбырлықтан обал мен сауапты арашалаған Пірәдар, Әлсізге Медет, Күштіге Айбар, Зарыққанға Жебеу, Тарыққанға Демеу, Асқанға Тосқан, Сасқанға Сая, Ұрпаққа Ұстаз, Ұлысқа Ұран, Ел Иесі, Жер Киесі» деген ұлы сөздерді қалдырған еді.
Қазақстанның тек батыс өңірі ғана емес барша түркі әлемі пір деп атаған Бекет ата туралы бүгінге дейін баспасөз беттерінде аз жазылған жоқ. Бекет атаға арналған өлең, жыр, дастандарда оның құлағанды жебеп, жолдан тайғанды жөнге салатын, дархандығы мен даналығы, батырлығы мен батылдығы, жақсылыққа жанының құштарлығы оның тылсым құдіреті туралы таңнан-таңға ұластырып жырға салатын.
Тарихта Пір Бекет ата туралы аңыз-әңгімелер көптеп кездеседі. Бекет атаның даналығы, батырлығы жайында ел арасында кеңінен таралған. Мазары жатқан таудың басындағы оның арқар, жылан, аққулары туралы аңыз әңгімелер де жиі кездеседі.
Бейіт басындағы бұл аң-құстарды аулауға, асып жеуге, атуғы болмайды. Халық арасында Оғланды тауының бөктерінде жүрген аң-құстарды Бекет ата өзі бағып өсірген деген аңыз әңгімелер де бар. Жергілікті халық пірдің жеке малы, оларға тиісуге болмайды деп көрген бойда су, жемін беріп қайта жібереді екен. Егер кімде-кім арқарларға зұлымдық жасайтын болса, ол өз басына пәле болып қайтады дейді.
Мешітке зиярат етіп, атаға дұға жасап келушілер арқарларды көрсе дұға-тілектеріміз, ниетіміз Алланың алдында қабыл болды деп сенеді.
Жергілікті халық «Атаның өзі желеп-жебеп, қорғап отыратын арқар, киік секілді жануарларға зұлымдық жасап, қол көтергендердің отбасына жақсылық келмейді» деп сенеді. Бекет атаның мазарына келіп дұға жасап, ниет қылып, тілегімді бір Алла қабыл етсін деген оймен келетін зияратшылар қаншама. Атаның арқарын бір көруді арман ететін адамдардың санында шек жоқ. Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес сонау шет елдерден арнайы дұға жасап, ағылып келіп жатқан халықтың қарасы күн өткен сайын артуда.
Атаның аң-құстарынан бөлек, асыл аса таяғы мен мешіт басында орналасқан бірнеше шипалы бұлақтары бар. Аса таяғының өзі бірнеше болған. Өзінің шәкірттеріне аса таяғын сыйға тартып, бата беріп отырған. Қазіргі таңда аса таяғының бірі Оғландыдағы мешіт ішінде болса, тағы бірі Ақтөбе аумағындағы Жиренқопа деген жерде тұратын ұрпағының үйінде сақтаулы. Ақтөбеде сақталған аса таяқты Бекет ата кезінде өзінің Шектібай деген шәкіртіне сыйға тартқан деседі.
Мазардағы шырақшы молдалардың айтуынша, мешіт бір күн қонақсыз қалған емес, қыс ауасында зияратшылардың саны күніне 30-40 адамнан аспағанымен жазқұрым уақыттарда бір күнде зиярат жасамақ ниетте келетін адамдардың саны 400-ден асып кетеді дейді.
Жер жерден Пір Бекеттің мазарын бір көрсем, ниетім қабыл болса деген оймен ағылып келіп жатқан халықтың көптігіне өзіміз куә болып қайттық.
Ресейдің Оренбург қаласынан келген зияратшылар Бекет атаға келген мақсаттары жайында:
«Біз осында келуді ұзақ уақыт бойы армандадық. Біз үшін жүріп келген жолымыз өте жеңіл әрі қиындықсыз тез өтіп кетті. Бұл жерге кезінде әлемнің түкпірінен адамдар жаяу жүріп келген. Сол себептен қазір қиналдық деп айтудың өзі ұят. Бекет діндар адам болған. Құдай жолындағы адам қашан да адал. Әрине әлемде дін көп бірақ, Алла жалғыз. Барлық пенденің өзіне берілген қиындығы сынағы болады. Әрқайсысымыз бір дертімізге дауа іздеп келіп отырмыз», дейді.
Сондай-ақ, Жапониядан келген Будда дінінің өкілдері «Біз Бекет туралы орта жолда естіп, жолай соғып кетуге емес, атағы мен даналығы бізге дейін жеткен Бекеттің мазарын көруге арнайы келдік» дейді.
Пір Бекеттің мазарына бара алмай арманда кеткен Ғафу Қайырбеков «Әулие Бекеттің қабірі жан-жағы құз-шатқал, жетуі қиын-қыстау бір шыңның басында көрінеді. Қазіргі күнде вертолет болмаса бару мүмкіндігі қиын деседі. Мен де бара алмадым», – деп, өлең жырларында
Туғанда қауіп-қатер, күн зымыстан,
Немесе кездескенде қиын дұшпан.
Кезінде ер басына бұлт айналған,
Бекетке ел тірісінде-ақ сыйынысқан.
Кісі екен сәлемінің өзі рахат,
Кететін кездескенде шерің тарқап.
Көзінде көкшіл жалын жанады екен,
Қапыда қалса біреу атын атап, – деп, Бекеттің көзі тірісінде-ақ елге сыйлы, пір тұтарлық адам болғанын айтады.
Жадыра Аманбайқызы