Данэлия Тулешова балалар “Евровидениесінде” ел намысын қорғайды

0
126
дереккөзден

Данэлия Тулешова Junior Eurovision 2018 ұлттық іріктеу байқауында топ жарды. Іріктеу Алматыдағы “Халық Аренада” 22 қыркүйекте өткен еді.

Тулешовадан (12 жас, Алматы) өзге халықаралық балалар байқауына жолдама алу үшін республиканың түкпір-түкпірінен бұған дейінгі сыннан сүрінбей өткен тағы тоғыз бала бағын сынады. Олар: Бинұра Саудабай (11 жас, Астана), Ержан Максим (11 жас, Орал), Мейіржан Жидебай (12 жас, Ақтөбе), Жанелья Қалдыбек (12 жас, Астана), Сүйкім Қабылбек (12 жас, Астана), Динара Нәдірбекова (13 жас, ШҚО), Мария Затварницкая (13 жас, Павлодар), Санат Асуат (13 жас, Атырау), Зере Әмірбекова (14 жас, Алматы).

Іріктеу кезеңінің гала-концертінде байқауға қатысушылар бұған дейін ешбір жерде шырқалмаған  еуро-поп стилінде авторлық қазақ әндерін орындады. Іріктеудің қорытынды концертін “Хабар” телеарнасы тікелей эфирде берді.

SMS дауыс беру нәтижесінде көрермендердің таңдауы алматылық Данэлия Тулешоваға түсті. Енді Тулешова Junior Eurovision 2018 байқауында Қазақстан намысын қорғайды.

Байқау осы жылдың 25 қарашасында Минскте өтеді. Байқауда әлемнің 18 елінен келген 9-дан 14 жасқа дейінгі балалар бақ сынайды. Қазақстан аталған байқауға алғаш рет қатысады. Балалар халықаралық байқауын “Хабар” телеарнасы тікелей эфирден көрсетеді.

Продюсер Жан Мұқанов Данэлия Тулешованың жеңіске жетуге үлкен мүмкіндігі бар екенін айтады. Бірақ қазақстандықтардың көрсеткен қолдауы да басты рөлге ие. Сондықтан, Жан Мұқанов отандастарды 25 қараша күні Данэлия Тулешоваға  белсенді дауыс беруге шақырды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз