Ұлы даламыздың фольклорымен өскен ұрпақ ешқашан ұтылмайды – Абаев

0
78
PHOTO: KAZAKNEWS.KZ

Қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрінің көрінісі негізінде жинақталған аңыз-әпсана үлгісіндегі шығармалар “Дала фольклорының антологиясы” жинағында жарық көреді.

PHOTO: KAZAKNEWS.KZ

«100 жылға жуық тарихы бар «Қазақ» радиосының Алтын қорында сақталған рухани мұраларымызды жарыққа шығару өте маңызды әрі елеулі оқиға деп ойлаймын. Тұңғыш Президентіміз Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын мақаласы осы екі томдық жинақты шығаруға түрткі болды. Ең алдымен, бұл жоба арқылы балаларымыздың санасына бабаларымыздың бай мұрасын сіңіреміз», – деді орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.

Абаевтың сөзінше аталған жинаққа Qazaq радиосының «Алтын қорында» 1948 жылдан бері сақталған халқымыздың мәдени мұралары, сан ғасырлық тарихқа толы шығармалары – ертегілер, батырлар жыры, айтыс өнері, шешендік сөздер, жыр-дастандар, күй-термелер және т.б енді.

«Ұлы даламыздың фольклорымен өскен ұрпақ ешқашан ұтылмайды. Өйткені, біздің ертегілеріміз, батырлар жыры, аңыздарымызда да бабалар аманаты, қазақтың болмысы бейнеленген. «Дала фольклорының антологиясы» жинағының тағы бір ерекшелігі, бұл кітаптың ішіндегі арнайы дискілерге жазылған әндер алғашқы орындаушылардың үнімен түпнұсқа қалпында еніп отыр», – деді Д. Абаев.

Жинақта ХІХ ғасырдағы халық композиторларынан ән үйреніп, олардың біздің заманымызға дейін үзілмей жетуіне үлес қосқан барлық өнерпаз қамтылған. Атап айтқанда, Әміре Қашаубаевтың “Балқадишасы”, “Дударайы”, “Жалғыз аршасы” мен “Бесқарагері” бар. Кенен Әзірбаевтың “Көк шолағын”, “Бозторғайын”, “Бұлбұлға” және “Домбырасын” тыңдауға болады. Манарбек Ержанов, Қали Байжанов, Байғабыл Жылқыбаев сынды дауылпаз жыршылардың әні де осы жинаққа енгізілген. Сондай-ақ, Дина Нұрпейісова, Жаппас Қаламбаев, Әбікен Хасенов пен Мағауия Хамзиннің орындауындағы құнды шығармалар топтастырылған.

«Дала фольклорының антологиясы» жинағының жарық көруі Елбасы Н.Назарбаевтың “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласы негізінде ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен жүзеге асып жатыр.

«Qazaq радиосында” 1959 жылдан бастап “Ертегілердің” 350 шығарылымы мұрағатқа сақталған. Әр жылдары бұл айдарлар түрлі атаумен жарық көріп тұрды: «Ерден атаның ертегілері», «Зәмзәгүл әженің ертегілері»,  «Айдос атаның ертегілері» және «Сауық әженің ертегілері».

 

Safina Said

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз