Сәрсенбіде Нью-Йорктағы Колумбия университетінде Пулитцер жүлдесі табысталды. Жүлдегерлерге журналистика саласында, сондай-ақ ең үздік әдеби және музыкалық шығармалар жүлдесін Пулитцер жүлдесін табыстау бойынша кеңестің төрағасы Юджин Робинсон мен жүлдені табыстау бойынша ұйымдастыру комитетінің басшысы Дана Канеди ұсынды.
Пулитцер жүлдесі қатарынан бір ғасыр бойы табысталып келеді, осы жылдың сәуір айында аталған жүлденің 2018 жылғы лауреаттарының есімі аталды.
ТАСС таратқан ақпраға сәйкес, халықаралық журналистика саласында жүлде Reuters ақпарат агенттігінің қызметкерлеріне бұйырды (Филлиппиндағы есірткімен күрес соғысының эпизодтарын ұсынғаны үшін), өз кезегінде аталған ақпарат агенттігінің фотожурналистері Мьянмадағы босқын-рохинджаларға көрсетілген зорлық-зомбылықты көрсететін кадрлары үшін үздік деп танылды. «Ішкі саясатқа қатысты үздік материал» аталымында АҚШ-тың сайлауына Ресейдің ықтимал араласуына қатысты материалдары үшін The New York Times пен The Washington Post басылымдары редакциясы жеңіске жетті.
«Қоғамға қызмет» аталымында The New York Times газеті мен The New Yorker журналының журналистері алтын медальға ие болды. Қос басылым журналистері Голливудтағы ықпалды продюсерлердің сексуалды зорлық-зомбылыққа қатысты айыпталуларына қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізгендері үшін ие болды. Аталған журналистер жариялаған материал АҚШ-та зорлық-зомбылыққа қарсы #MeToo қозғалысының пайда болуына түрткі болды.
Жүлде тарихы
Пулитцер жүлдесінің негізін қалаған америкалық журналист және баспагер венгерлік Джозеф Пулитцер. Ең алғаш рет репортаж, редакциялық мақала, АҚШ тарихы бойынша кітап және өмірбаяндық шығарма аталымдары бойынша Пулитцер жүлдесі 1917 жылы табысталды.
Пулитцер жүлдесіне ұлтына қарамастан, кез келген журналист 14 салалық бағытта үміткер бола алады. Жалғыз ғана шарт – журналистердің материалдары америкалық басылымдарда жарық көруі міндет. «АҚШ тарихы бойынша кітап» аталымына да кез келген ұлттан шығармашылық адамы қатыса алады. Дегенмен, драма, поэзия және музыка аталымына тек АҚШ азаматтары ғана қатысуға мүмкіндік беріледі.