Шәмші Қалдаяқовтың туғанына тоқсан жыл толды

0
237
Шәмші Қалдаяқов. Photo: martebe.kz

15 тамыз Қазақстанның халық әртісі, композитор, әнұран авторы Шәмші Қалдаяқовтың туғанына тоқсан жыл толды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желіде жазба жариялап “композитор туындылары ұлттың баға жетпес байлығы” екендігін жеткізді.

Шәмші Қалдаяқов 1930 жылдың 15 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Ол бірден өнер жолына түскен жоқ. Әуелі Қапланбектегі ветеринарлық техникумды бітірсе, кейін Сахалиндегі әскери училищені, елге келген соң Ташкент қаласындағы Хамза Ниязи атындағы музыка училищесін, содан соң Құрманғазы атындағы консерваториясының композиторлар дайындайтын факультетінде оқыған.

Шәмші Қалдаяқовтың көптеген әні Роза Бағланова, Ришад Абдуллин, Бибігүл Төлегенова, Рашид Мұсабаев, Зейнеп Қойшыбаева сынды әншілердің репертуарынан орын алды. Халық арасында “Менің Қазақстаным” туындысы айрықша мәшһүр болды. Қазақтың музыка өнерінде Шәмшінің орны ерекше 300-ге жуық әні бар.

Артына музыкалық мол мұра қалдырған Шәмші Қалдаяқов 1992 жылы 62 жасқа қараған шағында Алматы қаласында қайтыс болды.

1991 жылы Шәмші Қалдаяқов жайлы “Жылдарым менің, жырларым менің” атты ғұмырнамалық деректі фильм түсірілді. Осы жылы композитор Қазақстанның халық әртісі атағын алды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз