«Жамиғат-ат тауарих» және «Зикзал» аударма кітаптарының тұсаукесері өтті

0
768

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының аясында Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған «Жамиғат-ат тауарих» және «Зикзал» кітаптарының тұсаукесері өтті.

Аталған кітаптардың тұсаукесеріне «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, қоғамдық қайраткерлер, ғалымдар, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев: Орта ғасырларда жазылған «Жамиғ ат-Тауарих» еңбегі Ұлы даламыздың тарихы, Шыңғыс ханның өмірі мен шежіресі, Қазақстан мен Орта Азия жерінде өмір сүрген ата-бабаларымыздың тегі, дамуы, мемлекеттігіміздің қалыптасуы жайында нақты деректерді қамтитын терең, ғылыми тұрғыда маңызы зор туынды. Әлемнің біраз тілдеріне аударылған еңбектің Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Халықаралық Түркі академиясының бастамасымен тікелей парсы тілінен ана тілімізге аударылуы біз үшін үлкен жеңіс. Бұл оқулықтар Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының нақты жемісі және жеңісі. 

5 томнан тұратын Рашид ад-Диннің «Жамиғат-ат тауарих» атты кітабы алғаш рет қазақ тіліне аударылып, танымал қазақстандық ғалымдардың пікірлерімен қамтылған. «Жамиғат-ат тауарих» – парсы тілінде жазылған ортағасырлық тарихи әдебиеттің аса маңызды ескерткіштерінің бірі. Бұл үлкен тарихи энциклопедия. Бұл «Жылнама жинағы» әртүрлі тайпалар мен халықтар туралы тарихи деректерді қамтиды, онда ертедегі Моңғолия, Шығыс Түркістан, Иран, Орталық Азия, күнгей Кавказ, Поволжье мемлекеттері мен халықтары туралы құнды тарихи мәліметтер бар.

Араб, парсы тілдерінің білгір маманы ҚМДБ ғұламалар кеңесінің мүшесі, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің түркітану ғылыми қызметкерінің аға ғылыми қызметкері Зәрікбай Жұманова Оразбай «Жамиғ ат-Тауарих» пен «Зикзал» кітаптарын парсы тілінде жазылған түпнұсқасынан тікелей қазақ тіліне аударған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз