Кабулда болған лаңкестік жарылыста жиырмадан астам адам жараланып, 15 адам қаза тапты. Шабуыл әрекетін қазірдің өзінде «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымы өз мойнына алды.
Euronews-тің мәліметінше, қаза болғандар мен жарақаттанғандардың басым бөлігі полиция қызметкерлері. Жарылыс жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 20:30-дар шамасында Ауғанстан астанасының шығыс бөлігінде орын алған. Лаңкес көшедегі демонстрация кезіндегі тәртіпті қадағалап жүрген бір топ полиция қызметкерлерінің ортасында өзін-өзі жарып жіберді.
Бұл Кабулда жаңа жылдағы джихадшылар тарапынан жасалып отырған алғашқы лаңкестік шабуыл әрекеті. Осыған дейін желтоқсан айының соңында 50 адамның өмірін жалмаған екі лаңкестік шабуыл ұйымдастырған болатын.
Сондай-ақ, Нангархар провинциясы мен Пәкістан шекарасында 31 желтоқсан күні лаңкестік жарылыс болған болатын. Шабуылдың салдарынан 11 адам көз жұмды.