«Бір кездері ата–бабамыз жергілікті әдет–ғұрыптар мен дәстүрге, көшпенділердің дүниетанымына қайшы келмегендіктен, Исламды қабылдады», – деді Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев 28 қыркүйекте «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясында өткен Ислам конференциясы барысында. Бұл туралы қырғыз бұқаралық ақпарат құралдары мәлімдейді.
Қырғызстан басшысының мәлімдеуінше, Ислам діні Қырғызстанның дәстүрлі мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналған.
«Сонымен қатар, Исламды қабылдағаннан кейін де Қырғызстан мен Орта Азия аумағында өзге конфессия өкілдері еркін өмір сүріп, өңірдегі барлық халықтың дәстүрлі әрі мәдени құндылықтары дамыды. Өкінішке орай, біз соңғы уақыттарда төзімсіздікпен жиі соқтығысамыз, әртүрлі ағым мен діннің өкілдері бір-бірінің сенімін құрметтемейді, сондай-ақ, дүниетанымдық мәселелерді өркениетті түрде талқылауға қабілетсіз. Бұл — қауіпті жол. Діни төзімділікке тәрбиелеу қазіргі мемлекеттердін және жалпы адамзат қоғамының басты міндеті болуы керек. Тек өзара түсіністік, өзара сыйластық пен өзара көмек негізінде ғана әртүрлілікті сақтап, әлемімізді кемелдендіре аламыз. Әртүрлілік — Жаратушының жаратқаны», – деп мәлімдеді Президент.
А.Атамбаевтың айтуынша, діни ұрандарды ту еткен қазіргі экстремизм мен терроризм толқынын ұлттық мемлекеттікті нығайтып, төл мәдениетін, тілін және жеке басын сақтау арқылы жеңуге болады. «Ислам ешкімді діни атрибуттарды қолдануға зорлап мiндеттемейді, өз идеялары мен сенiмiн таңбайды, құлшылық мәселесінде бір догмаға итермелемейді. Оның үстіне басқа елдегі мұсылмандардың өмір салты, әдет-ғұрыптары, киімдері мен мәдениеті Ислам (талабы) кейпінде мәжбүрленбеуі керек. Мұндай әрекеттер қоғамды бөлінуге, қақтығыстардың ушығуына әкелуі мүмкін», – деп баса айтты А.Атамбаев.
Атап өтсек, 28-29 қыркүйекте өтетін конференцияға 19 елдің дін істері жөніндегі уәкілетті органдарының басшылары қатысады. Беделді халықаралық ұйымдар мен шетелдік исламтанушылар соңғы ғылыми зерттеулер негізінде мұсылман қауымдастығындағы қатынастарды үйлестіру тәсілдерін талқылайды.
Сайлаубай Сабина