Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй 12 сәуірде үкімет мүшелерін шұғыл жиынға шақырды. Қатысушылар Сириядағы жанжалды, атап айтқанда, өткен апта болған химиялық шабуыл мен Ұлыбританияның оған деген реакциясын талқыламақ.

Deutsche Welle неміс басылымының хабарлауынша, Мэй 11 сәуір күні жасаған мәлімдемесінде британ тарапының серіктестерімен бірге Думада болған оқиғаны қазбалай зерттеп, «жағдайды тез түсініп келе жатқанын» айтты. Оның сөзіне сүйенсек, «барлық белгілер жауапкершіліктің» (Сирияның басшысы) Башар Асад режимінің мойнында екенін көрсетеді.

Сирияда химиялық қарудың қолданылғанын «ескерусіз қалдыруға болмайтынын» мәлімдеген Мэй «кінәлілердің жазасын тартуы керек» екенін атап өтті. Ағылшын премьері, сондай-ақ, аймақта «гуманитарлық апатты болдырмау қажет» деп есептейді.


Бұдан алдын Мэй Америка Құрама Штаттарының (АҚШ) президенті Дональд Трамптың бірлескен Сирия операциясы туралы ұсынысын кері қайтарған едіМэй жиналған дәлелдердің Сирияда химиялық шабуылдың болғанын негізге алуға жеткілікті деп ойламайды.

Әйтсе де, The Telegraph газеті британдық суасты қайықтарының Сирия армиясына тиесілі нысандарды шабуылдауға әзірлік жүргізіп жатқанын хабарлады. Басылымның пайымынша, Лондон шабуылға көшпес бұрын Вашингтон және Парижбен келіссөздер жүргізуді қалайды.

Сонымен қатар, бірқатар масс-медиа құралы Кипрдегі британ әуе күштерінің Асад режимінің позицияларына соққы жасауға тас-түйін дайын отырғанын айтады.

 

Бауыржан Мұқан

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз