Арменияда экс-президент Серж Саргсянның премьер-министр болып сайлануына қарсы шыққан оппозиция өкілдері ел астанасы Ереванда наразылық акциясын бастады. Жүздеген демонстрант қала орталығында шеру ұйымдастырды.
Deutsche Welle басылымы таратқан хабар бойынша, Саргсянның үкімет басшысы болғанына наразылық білдірген 84 азамат қамауға алынды. Артынша, әкімшілік құқықбұзушылық туралы протокол толтырылғаннан кейін 30 кісі босатылған. Ал қалған 54 азаматтың «қылмыстық іс жасады» деген күдікпен изоляторға жабылғаны белгілі болды.
Неміс басылымы таратқан ақпарға сүйенсек, наразылық акциясы парламенттегі «Елк» оппозициялық фракциясының басшысы Никол Пашинян тарапынан ұйымдастырылған.
Сейсенбі күні Армения парламенті халықтың наразылығына қарамастан, премьер-министрлікке экс-президент Серж Саргсянның кандидатурасын мақұлдаған еді. 9 сәуір күні президенттік мерзімі аяқталған Серж Саргсян соңғы екі сайлауда жеңіске жетіп, он жыл бойы ел тізгінін ұстады. Одан алдын ол 2007-2008жж армян үкіметінің басшысы болып та қызмет атқарған болатын.
Никол Пашинян Саргсянның премьер-министр болуына қарсы шығып, наразылық ретінде өз жақтастарын мемлекеттік мекемелерді қоршауға алуға, көшелер мен жолдарды жабуға шақырған еді.
Пашинян халық наразылғы «барқыт революциясына» ұласады деп үміттенеді. Және ол өзін сол революцияны ұйымдастырушы ретінде көреді.
16 сәуір күні демонстранттар мен полиция қызметкерлері арасында болған қақтығыста 46 азамат зардап шеккен, оның алтауы – полицейлер. Осыған байланысты жергілікті масс-медиа 30 азаматтың ауруханаға түскенін, оның ішінде 1 тәртіп сақшысына реанимациядан бір-ақ шыққанын хабарлады.
Бауыржан Мұқан