Ресей астанасы Мәскеудің түбінде Ан-148 маркалы жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Мәскеуден Орынбор облысы Ор қаласына бағыт алған жолаушылар ұшағында 6 экипаж мүшесін қосқанда 71 адам болған. Алғаш келіп түскен мәліметтерге сүйенсек, әуе көлігінде ешкім тірі қалмаған.

Бұл туралы БиБиСи агенттігінің орыс тілді қызметі хабарлайды.

Ресейдің Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі Мәскеу облысының Раменск ауданына қарасты Степановское деревнясына жақын маңда бір ұшақтың апатқа ұшырағанын растады.

Ұшақ тұрғын үйлерден 400-500 метр қашықтыққа құлаған. Үйлерден 50 метр жерде ұшаққа тиесілі қалдықтар табылған. 

Ресей Тергеу Комитеті аталған қазаға қатысты қылмыстық іс қозғады. Комитет қылмыстық кодекстің 3-бөлімі 263- бабы бойынша заң бұзылып, «әуе көлігінің қозғалысы мен пайдалануына қатысты қауіпсіздік ережелері бұзылуына байланысты абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне себеп болды» деп есептейді.

ҰШУ БАҒДАРЫ ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТТЕР 

FlightRadar қызметі құлаған Ан-148 ұшағының ұшу картасын жариялады. Екі минут қана қалқып үлгерген әуе кемесі төменде көрсетілгендей бағыт алған:

1800 метрге көтерілген ұшақ жылдамдығын 600 км/сағ-қа жеткізген. 1500 метрге ылдилап, қайта 1800 метрлік биіктікте қалқыған ұшақ әзірге белгісіз себептерге байланысты құлай бастаған, ал 900 метр биіктіктен кейін радар экранынан жоғалып кеткен. Ұшақ әуеде небәрі 7-ақ минут болған.

АН-148 ӨЗІ ҚАНДАЙ ҰШАҚ?

«Интерфакс» агенттігінің жаңалық көзіне сүйенсек, ұшақтың пайдаланыла бастағанына 8 жыл толған. «Саратовские авиалинии» әуе компаниясына тиесілі әуе кемесі одан бұрынырақ уақытта «Россия» әуе компаниясының қарамағында қызмет көрсеткен. Ан-148 маркалы ұшақта бір уақытта 80 адам жолға шыға алады.

крушение самолетаАПАТ НЕДЕН БОЛУЫ МҮМКІН?

Анонимді дереккөздерге сүйенген ақпарат агенттіктері оқиғаға қатысты әртүрлі нұсқалар жариялай бастады.

Интерфакс хабарлауынша, Ан-148 көкте пошта тікұшағымен соқтығысқан болуы мүмкін. Бұған дейін агенттік, куәгерлердің сөзіне сүйене отырып, ұшақтың әуеде өртенгенін, содан кейін барып құлағанын хабарлаған болатын.

«Ресей Поштасының» баспаөз қызметі басшысы Экатерина Крудова поштаға тиесілі тікұшақтың жоқ екенін мәлімдеді. Крудованың сөзінше, Ресей Поштасының екі ұшағы ғана бар.

«Коммерсант» басылымының хабарлауынша, апаттың болуына ауа-райы жағдайы немесе әуе кемесінің бұзылғаны себеп болуы мүмкін.

Көлік министрлігі бұл оқиғаға қатысты барлық нұсқаларын қарастырылып жатқанын хабарлады.

Әзірге ешқандай ресми мәлімдеме жасалмады.

Ерлан Мұқан

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз