Мемлекет басшысы РФ Президентімен бірге Германия Федеративтік Республикасының іскер өкілдерімен кездесті

0
66

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының (РФ) Президенті Владимир Путинмен бірге Германия Федеративтік Республикасының іскер өкілдерімен кездесті деп хабарлайды Президенттің баспасөз қызметі.

Келіссөздер барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Германия арасында сауда-экономикалық серіктестік орныққанын атап отырып, «Тәуелсіздік жылдарында Германия Қазақстанға 5 миллиард  долларға жуық инвестиция құйды. Бұл ретте, оның 90 пайызы шикізаттық емес секторға салынғанын атап өткен жөн. Биылғы 8 айда елдеріміз арасындағы тауар айналымы 1,5 миллиард долларға өсті. Соңғы 5 жыл ішінде Қазақстанда 19 ірі инвестициялық жоба іске асырылды», – деді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның этносаралық келісімді сақтау саласында жүргізіп отырған саясатына тоқталып, елімізде тұрып жатқан неміс диаспорасына қолдау көрсету жөніндегі өзара ынтымақтастыққа назар аударды.

Президент сондай-ақ елімізде неміс капиталының қатысуымен іске асырылып жатқан жобаларға тоқталды.

– Қазақстанда бүгінде неміс капиталының қатысуымен түрлі салада, соның ішінде құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі салаларында 900-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеуде, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан басты рөл атқаратын Еуразиялық көлік дәлізінің әлеуетін атап өтті.

– Бүгінде Қазақстан арқылы халықаралық 5 темір жол және 6 автомобиль жолы өтеді. Осылайша, сіздер пайдалана алатын стратегиялық көлік дәліздері қалыптасып отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті елімізде қолайлы инвестициялық және іскерлік ахуалды қалыптастыру үшін қабылданып жатқан негізгі шараларға тоқталды.

– Бизнеспен айналысатындардың құқықтарын қорғау қамтамасыз етіліп, кәсіпкерлік саласындағы заңнама жетілдірілуде. Былтыр біз Дүниежүзілік банктің рейтингінде 35-орынға ие болдық. Осы жылдың басында Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының инвестициялар жөніндегі комитетінің қауымдастырылған мүшесі болып, Халықаралық инвестициялар декларациясына қосылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің жұмысына тоқталып, елімізде бизнесмендер үшін жасалған жағдайларды, соның ішінде олардың инвестициялық жобалар бойынша корпоративтік салықтан босатылатынын және бірқатар елдермен визасыз режім орнатылғанын атап өтті.

Қазақстан Президенті Германия инвесторларын еліміздегі жекешелендіру үдерісінің үшінші кезеңіне атсалысуға, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтастықты белсенді дамытуға шақырды.

– Кәіспкерлер бизнесін дамытып, өзара тиімді серіктестікті ілгерілету үшін барлық мүмкіндікті пайдалануы қажет. Біздің бүгінгі кездесуіміз әріптестігімізді нығайта түсетініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Жадыра Аманбайқызы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз