Нұрсұлтан Назарбаев Жаир Мессиас Болсонаруға Бразилия Федеративтік Республикасының Президенті лауазымына сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Жаир Мессиас Болсонаруды Бразилия Федеративтік Республикасының Президенті лауазымына сайлануымен құттықтады.
«Қазақстан мен Бразилия арасындағы ынтымақтастық халықтарымыздың жарқын болашағы үшін одан әрі дами түсетініне кәміл сенемін.
Сізге зор денсаулық және жауапты қызметіңізге мол табыс, ал достас Бразилия халқына бейбіт өмір мен бақ-береке тілеймін», – делінген жеделхатта.
Жаир Мессиас Болсонару Бразилияның жаңа президенті болып сайланды. Ол сайлауды 55 пайыз дауыс басымдықпен жеңіп шыққан. Мессиас Болсонарудың басты қарсыласы, екінші кезеңде сол партияның атынан сайлауға қатысқан Фернанду Аддад 45 пайыз дауыспен артта қалғаннан кейін оппозицияға кететінін мәлімдеген.
Бразилияның жаңа президенті Жаир Мессиас Болсонару 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызметіне кіріседі.